Алматы хайуанаттар бағының
абыройына нұқсан келтіретін қағаз таратқан үш қыз ұсталды. Қазір олар бұл
әрекеті үшін Медеу аудандық ішкі істер басқармасының тәртіп сақшыларына түсінік
беріп жатыр. Бұл туралы зообақтың баспасөз
хатшысы Тоқтар Әлиев мәлімдеді.
Айтуынша, үш қыз таратқан парақшада хайуанаттар
бағын қаралаған мәліметтер жазылыпты. Олар өткен аптада хайуанаттар бағына
жұмысқа орналаспақ болған. Бірақ сол күні келмей, жексенбі күні акция ұйымдастырып,
парақшалар таратып тұрған жерінен ұсталған. Қазір олардың зообақ қонақтарына
қанша парақша таратқаны және бұл қәрекетке не үшін барғаны анықталып
жатыр.
Тоқтар Әлиев, Алматы
хайуанаттар бағының баспасөз хатшысы:
Бұл парақшаларда тексерілмеген,
жалған ақпараттар таратылған. Үш қыздың бірі - славян ұлты, екеуі азиаттық
қыздар. Оның бірі - Өзбекстан азаматшасы. Алматыда тұрады. Қазіргі кезде шаһарда террорлық қауіптіліктің
сары деңгейі әрі алынған жоқ. Сондықтан түрлі акцияларды өткізуге тыйым
салынған. Біз бұны біреулердің үгіт-насихат жұмысы деп ұқтық. Қазір істің
жай-жапсарын Медеу аудандық ішкі істер басқармасы анықтап жатыр.
Алматыдағы атыстан соң
шаһарда қауіпсіздік күшейтілген.
Әсіресе, елде заңсыз паналаған мигранттар нөпірі анықталмақ.
Салтанат Әзірбек, Алматы
қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі:
Жылдың басынан бері Алматы
қаласына 208 мыңнан аса шетелдік азамат
келген болатын. Олардың 180 мыңы жақын елдерінің азаматтары болып
шықты. 27 мыңнан астамы алыстағы
шет елдің азаматтары.
Айгүл ЕРМАХАН