Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл 100 мыңнан аса зорлық-зомбылық тіркелді - министрлік

  • AstanaTV
  • 18 қазан 2022
  • 2235

Биыл жыл басталғалы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түскен. 35 мыңына әкімшілік хаттама толтырылып, оның ішінде 10 мыңнан астамына сот үкім шығарған. Бұл - тек ресми тіркелген деректер. Ал теперіш пен тепкіге көніп жүрген қыз-келіншектер мен бала-шағаның санын ешкім білмейді. Өйткені жапа шеккен 10 адамның 2-еуі ғана полиция көмегіне жүгінетін көрінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту шаралары қай деңгейде атқарылып жатыр? Әріптесім Ақбота Базарбай толықтырады.

2 баланың анасы Елизавета 10 жыл бойы күйеуінің тепкісіне төзіп келген. Айтуынша, жөн-жосықсыз тиісіп, қит етсе қол көтеруі жиілеген. Барар жер, басар тауы болмаған соң амалсыз дағдарыс орталығын паналап жүр.

Елизавета КЮРАЧИК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күйеуім алкогольді жиі ішеді. Бір күні хабарласып, 1 сағаттың ішінде үйден кетіңдер, әйтпесе келіп бәріңді өлтіремін деді. Мен өзім үшін қорықпаймын. Мына екі баламды ойлап полицияға хабарластым. Бізді дағдарыс орталығына алып келді, мұнда тұрып жатқаныма 6 ай болды. Жуырда шығамын. Жаңа өмір бастағым келеді.

Отбасында зардап шеккен 7500 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылған. Жәбір көріп, баратын жер таппағандарға ел бойынша 57 орталық көмек көрсетеді. Оның өзі жеткіліксіз дейді жауапты ведомство басшысы.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Олар негізінен еліміздің 18 өңірінде жұмыс істейді. Жаңадан құрылған Алматы, Абай облыстарында әзірше мұндай орталықтар жоқ. Сондықтан бұл өңірлерде бұларды құру жұмыстарын алып бару қажет. Өтініш білдіргендердің 67 пайызы, 2661-і зорлық-зомбылыққа ұшыраған, немесе куә болған балалар.

Қазақстанда биыл отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңнан астам хабарлама түсіп, 668 қылмыс тіркелген. Көбіне 30 бен 50 жас аралығындағы ер адамдар шаңырағының берекесін қашыратын көрінеді. Негізінен олар Шымкент, Астана, Алматы қалаларында көп кездеседі. Министрлік енді үйлерінде жанжал шығарғандарды, көше сыпыруға міндеттемек.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрге осы мәселені ұсындым. Әкімдіктер өз аймақтарына қандай жұмыс орындарының керек екенін көрсетуі керек. Оның мерзімін, Әділет министрі заңнама арқылы бекітеді. Сонда қандай әкімшілік жаза көзделгенін және қанша күн екені нақтыланады.

"Отбасылық тирандарға" жаза тек бұнымен шектеліп қалмайды. Енді 102-ге хабарлама түскен бойда, жәбірленушінің арызы талап етілмейді. Бұл полицияға әкімшілік іс-жүргізуді бірден бастауға мүмкіндік береді. Тараптардың татуласуына да бір-ақ рет мүмкіндік берілмек. Жалпы отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жаза енді қатаң.

А. Базарбай