Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Оңтүстік Кореяға үндеу хат жолдады

  • AstanaTV
  • 12 сәуір 2016
  • 2104

Қазақстан тарапы Оңтүстік Кореяға үндеу хат жолдады. Билік Таңғы шық елінің көші-қон қызметін мейілінше ашық жұмыс істеуге шақырады. Айта өтейік, соңғы 3-4 ай ішінде Қазақстан азаматтарын депортациялау мәселесі белең алған. Бұл жөнінде Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мадиев мәлімдеді. Ол жыл басынан Оңтүстік Кореядан 418 отандасымыз кері қайтарылғанын айтты. Олар 25 пен 40 жас аралығындағылар. Белгілі болғандай, оңтүстік кореялық көші-қон қызметі шетел азаматтарынан сапар мақсатын сұрайды. Жауап беру кезінде аз-кем сәйкессіздіктер байқалса, кіруге рұқсат бермейді.

Айта өтейік, 2014 жылдың қарашасынан бастап екі ел арасында визасыз режим іске қосылды. Келісім аясында қос мемлекеттің азаматтары 30 күн ішінде туристік, іскерлік, емдік және мәдени-ағартушылық мақсатпен, сондай-ақ жеке іспен бір-бірінің территориясына тегін кіруге мүмкіндік алды. Алайда, отандастарымыз режимді теріс пайдаланып отырса керек.

Ардақ Мадиев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры:

Қиындық туғызып отырған жақ - ол көбінесе біздің Қазақстан азаматтары сол жаққа басқа мақсатпен барады. Жұмысқа бару үшін барады, сол жақта қалу үшін барады. Визасыз режимді пайдаланып, 30 күні ішінде барады да, сол жерде қалады 30 күннен асырып. Айлар бойы, жылдар бойы қалатындар бар. Одан кейін жаман жағдайға ілінеді де, біз елшілер арқылы оларды қайтаруға мәжбүр боламыз.  

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА