Ұлытау облысының Сәтпаев қаласында атыс болды. Күдікті ретінде 2 адам ұсталды. Олар сауда үйінің алдында төбелес шығарып, 24 жастағы жігітке оқ атқан. Сонан соң қашып кеткен. Полиция мәліметінше, екеуі жәбірленушімен сөзге келіп, ерегіскен, сосын арқасына пышақ сұғып алыпты. Артынша көліктеріне міне сала біреуі оқ жаудырған. Атыс тұрғындардың көз алдында болған. Күдіктілерге қатысты «жазықсыз зиян келтіру» және «адам өлтіруге оқталу» баптарымен қылмыстық іс қозғалды.
Сақтаған ХАМИТБЕКОВ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Аталған факт бойынша ҚР ҚК- нің 24- інші бабы және 99 бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Айғақ заттар тәркіленді, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда, оқиғаға қатысушылардың барлығының жеке бастары анықталды.Қазіргі уақытта оларды ұстау бойынша кешенді шаралар өз жалғасын табуда.
Ал екі жерден жарақаттанған жігіт қазір ауруханада. Дәрігерлердің айтуынша, оған шұғыл операция жасалған.
Рүстем НЫСАМБАЕВ, ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
1998 жылғы ер адам кеше кешкісін ауруханаға түсті. Жамбас тұсынан оқ жарақатын алған және арқасына пышақ тиген. Науқасқа шұғыл операция жасалды. Жағдайы тұрақты. Тиісті ем шаралар жасалып жатыр.
А. Қуаш