Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент ақтаулық егіз Қасым мен Жомартқа хат жолдады

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2022
  • 1315

Мемлекет басшысы ақтаулық егіз Қасым мен Жомартқа хат жолдады. 13 жастағы өрендер Президентпен аттас әрі бір айда дүниеге келген. Үш тілді жетік меңгерген жеткіншектер болашақта дипломат болуды армандайды.

Мемлекет басшысынан келген хатты Қасым мен Жомарт қайта-қайта оқиды. Президент жеткіншектерге биік белестерді бағындыруды және білімді азамат болуды тілейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Айналайын Қасым мен Жомарт, сендер туралы жақында хабардар болдым. Терең білім алып, үлкен дипломат болам деп алдарыңа биік мақсат қойыпсыңдар. Бұл – мемлекет мүддесі үшін аса қажет мамандық. Мемлекетіміз, халқымыз үшін бар күшін салып қызмет ететін үлкен азамат болыңдар. Сендер қаншалықты білімді, білікті болсаңдар, еліміздің келешегі соншалықты кемел болады. Өздеріңдей көп тіл білуді мақсат еткен, Отанын шексіз сүйетін жастардың өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Әрдайым осындай белсенді, талапты болыңдар. Өмірде биік белестерді бағындыруларыңа тілектеспін!

Қарапайым отбасы Ақтау қаласында тұрады. 2009 жылы туған Қасым мен Жомарттың есімін әжесі қойған. Егіздің әкесі Ерлан Мәуленов бұл оқиға отбасы үшін үлкен жаңалық болғанын айтады.

Ерлан МӘУЛЕНОВ, ЕГІЗДІҢ ӘКЕСІ:

Үйде сол қуанып үлкен әсер алдық, мұның жа уапкершілігі бар дегендей. Президент жолдаған тілеген тілек хаты деген сияқты. Солармен қуанып таныстық. Балаларымыз ментальная арифметика дейміз, одан соң ағылшын тіліне бердік.

Қасым мен Жомарт Ақтаудағы №11 физика-математика мектебінде білім алады. Болашақта дипломат боламыз деп тіл үйреніп жүр. Қазірдің өзінде ағылшынша еркін сөйлейді. Енді қытай, француз тілдерін меңгермек.

Қасым, Жомарт МӘУЛЕНОВ, 8-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Хат алған кезде өте қуанышты күйде болдық. Себебі Президенттің өзі біз үшін хат жазып, жолдама жіберген. Бізді досымыз ретінде санап, өте қуанышты болып тұрмыз. Президенттің, еліміздің халықтың алдында қызмет етуге уәде береміз. Сабақты да жақсы оқимыз, өскен соң университетке түсуге уәде береміз.

Ағайындылар өздеріне қойылған есімнің салмағын бала кезден сезінеді. Ал енді Мемлекет басшысының атына кір келтірмей, жақсы адам болу жауапкершілігі тіпті артты дейді.

Ә. Дүкембаева