Республика күні Ұлттық мереке қарсаңында Қызылорда облысы Жалағаш ауданында әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Заман талабына сай оқушылар үйі мен өнер мектебі балаларға есігін айқара ашты. Ал Таң ауылында көптен күткен дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Бұл нысандар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған.
Соңғы үлгідегі оқушылар үйі 200 балаға лайықталған. Ал бір бөлігінде 50 орындық өнер мектебі орналасқан. Мұнда балалар қосымша білім алып қана қоймай, сан түрлі үйірмелерге қатысады.
Аянат БЕКБЕРГЕН, ОҚУШЫ:
Бұл оқушылар үйі жаңа үлгіде жасалған, таза, барлығы амтылған ішінде. Оқушылардың барлығы қызыға келеді. Балалар осы жерде өзінің қалаған музыкалық аспаптарында ойнауға мүмкіндік бар.
Көлемі 29 мың шаршы метр болатын нысанға республикалық бюджеттен 400 млн.теңге қаржы қаралған. Оның ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келіп, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бүгін есігін айқара ашқан оқшылар үйі мен өнер мектебі ел дамуына елулі үлес қосар азаматтарды тәрбиелеп шығаратын киелі өнер ордасына айналады деп күтеміз. Балаларымыз жаңалыққа қуансын, ата-аналарымыз жақсылыққа жұбансын.
Таң ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның салынғанына 40 жыл болған. Ұлттық мереке қарсаңында жаңа емдеу мекемесі пайдалануға берілді.
Атымтай НӘСИҰЛЫ, ТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Кішкентай нәрсенің өзіне жолдамамен аудан орталығына баратынбыз. Мұнда құрал жабдықтар жоқ. Қазір енді мынада заманауи құралдар бар, жабдықтар бар. Енді сонымен алғашқы көмектерін беріп, жеңіл-желпі ем-домын жасайды деп үміттенеміз.
Бүгін облыс орталығында да қоғамдық көліктер қатары жаңа 40 автобуспен толықты. Жыл соңына дейін оның санын 150-ге жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, «Балалар жылына» орай, бір мезетте 80 спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді.
М. Тоқтасынқызы