Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында көкпардан ашық біріншілік өтті

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2022
  • 1788

Алматы облысында ұлттық спорт ұлықталды. Кеген ауданында көкпардан халықаралық ашық біріншілік тартысты өтті. Шара Республика күніне орай ұйымдастырылған. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Ептілік пен күш сынға түсетін додаға Кеген мен Райымбек аудандарының көкпаршылары келді. Сондай-ақ, Қырғыз елінен арнайы келген спортшылар да бақ сынады. Жалпы 4 команда қатысты.

Былтыр Кеген өңірінің құрамасы Қырғызстанның Түп ауданына барып, жергілікті көкпаршылармен күш байқасып қайтқан еді. Алатаудың ар жағындағы ағайын биыл достық кездесуге келіп отыр.

Мұрат ЖАЙСАҢБАЕВ, «ТҮП» ҚҰРАМАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

Екі елдің ынтымағы білімдігі тату тәтті болса бұл осы жігіттердің, бізден кейінгі келе жатқан ұрпақтарға үлгі боалды деп ойлаймын.

Әуелі қыз жігіттер қыз қуарға шығып, қиқу салды. Апай төс палуандар ат үстінде аударысып, белі мен білек күштерін байқасты. Тұлпарын тебініп теңге ілуден бақ сынасқандар да табылды. Ал көкбөрі тартқан көктүріктің ұрпағы қазақ пен қырғыз арасындағы көкпар сайысы тартысқа толы болды.

Рауан ЖҰМАШОВ, БАС ТӨРЕШІ:

Біздің осы Кеген ауданымызда ат спортын осы көкпарға байлығалы бері жастарымыз Қазақстан құрамасында ойнап жатыр, қазір.

Ұлттық спортты жаңғыртқан айтулы шараға Кеген ауданы әкімдігі мұрындық болып отыр. Олар ауқымды шараны - Республика күніне арнайы ұйымдастырған. Байқау жүлдесіз емес.

Кеңес ҚАБЫЛБЕКОВ, КЕГЕН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірінші орынға 300 мың теңге, 2-ші орынға 200 мың теңге, 3-орынға 100 мың теңге көлемінде жүлде тігілді.

Жарыс қортындысы бойынша жүлделі бірінші орын қырғыз көкпаршыларына бұйырды. Ал екінші орынды Райымбек ауданының спортшылары еншіледі. Соңғы жүлделі үштік кеген көкпаршыларына бұйырды.