Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барды.Үгіт-насихат және талдау орталықтарының, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың және жастар алаңының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында үш негізгі бағытқа басымдық берген. Ол әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам. Президент боп сайланған жағдайда осы қағидаттарды берік ұстануға ниетті. Республикалық қоғамдық штаб құрамында 474 адам бар. Еліміздің әр өңірінде 226 штаб құрылып, 6 мыңнан астам адам қызмет етуде. Олар 200-ден астам ауыл-аймақты аралайды. Жалпы үгіт-насихат жұмыстарына Халықтық коалицияның 7,5 мың белсендісі тартылған. Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне сенім артқандарға алғыс айтты. Тарихи таңдау жасауға шақырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ:
Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамытудың және ілгерілетудің даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз.
Б. Сатуов