Русский Сайттың толық нұсқасы

Жигули Дайрабаев: агробизнеске пайызсыз несие беру керек

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2022
  • 1308

Президенттікке "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев Түркістан облысына барды. Жергілікті шаруалармен кездесіп, өңірдің жетістіктері мен түйткілді мәселесі туралы әңгімелесті. Себебі, аймақ халқының негізгі кәсібі-ауыл шаруашылығы. Ауылдағы ағайын егін егіп, соның жемісін жеп отыр.

Жигули Дайрабаев аграрлық саланы нығайтқысы келетіндер үшін пайызсыз несие беретін арнайы агробанк құруды ұсынады. Мұны өзінің сайлауалды үгіт-насихат бағдарламасына енгізген. Кездесуде дихандар су тапшылығы жайлы алаңдаушылықтарын білдірді. Айтуынша, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Ал, үміткер мемлекет есебінен шаруалармен бірлескен меншік негізінде қайта өңдеу зауытын салу ниеті бар екенін мәлімдеді. Биыл Түркістан облысында 125 мың гектардан астам жерге мақта егілді. Аграршылар 300 мың тонна өнім жинауды көздеп отыр.

Анас БАҚҚОЖАЕВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Түркістан облысы жетістіктерінің бірі – бұл ұйымшылдық. Мұндағы шаруалар өте ұйымшыл. Өз күнін өздері көріп жүрген шаруалар. Ешкімге кінә артпай, қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланып, өздерінің өнімдерін өсіріп сатып жатыр.

Р. Бақытжанқызы