Ақтөбе қаласы Алматы ауданының бұрынғы әкімі алаяқтық жасады деп айыпталып, 3 жылға сотталды. Ол қызмет бабын пайдаланып, 2020 жылдың сәуір-тамыз айларында танысына жер телімін алып бермек болған. Сол үшін 1 млн 383 мың 915 теңге алған. Бірақ уәдесін орындамаған. Іс материалына сүйенсек, бұл қылмысты Абат Көбенов Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы болған кезде жасаған. Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындады. Айта кетейік, Абат Көбенов 2020 жылдың сәуір айынан бастап Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. Ал биыл ақпан айында Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі болып тағайындалған болатын.
Гүлжанар ОТАРБАЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Ақтөбе қаласының 2 сотымен алаяқтық жасау айыбы бойынша Көбеновке қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот Көбеновты кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Б. Рахметова