Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде жүйкесі жұқарған бала көбейген

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2022
  • 2912

Елде жүйкесі жұқарған бала көбейген. Мамандар дабыл қағуда. Балалар мен жасөспірімдер арасында психикалық ауруға шалдыққандар саны өткен жылмен салыстырғанда 14 процентке өскен. Елорданың өзінде 3 мыңға жуық бала ресми тіркеуде тұр. Олардың қатары пандемиядан кейін арта түсіпті. Мұның себебі неде? Аружан Задабек зерделеп көрді.

Астана қаласы бойынша 19 мың адам психикалық ауруға шалдыққан. Оның 3 мыңға жуығы 18 жасқа толмаған балалар. Жүйкесі сыр берген 440 жасөспірім қазір шаһардағы психикалық орталықта емделуде.

Гауһар БЕКТАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бізді мазалап отырған жәйт, бұл – балалар мен жасөспірімдер арасындағы психикалық ауытқулардың өсуі. 14-15 пайызға өсіп отыр.

Елімізде психикалық денсаулық «қазаны» жабулы күйде тұр. Кейбірі, тіпті, мұндай аурудың бар екенін де білмейді. Енді бірі баланың бойындағы өзгерісті байқай тұра, психотерапевт көмегіне жүгінуді ұят санайды. Салдарынан, бүкіл әлемде бұл дерттің жастар арасында таралуы үдей түсті – дейді дәрігерлер.

Тоқтар ҚОЙШЫБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

Себебі көбі психотерапиялық денсаулық туралы көп назар аудармайды. Көбі теріс тәрбие алады. Мысалы, біздің халықта «шыда» дейді. Әртүрлі күйзелістер болса, әртүрлі қиыншылықтар болса психотерапиялық соққылар алып отырса да адам ол шыдайды.

Психолог Лаура Жексембаева керісінше, қазір психологтың көмегіне жүгінетін ата-ана қатары артқанын айтты. Бірақ барлық отбасы емес, жастар ғана жүгінетінін жеткізді.

Лаура ЖЕКСЕМБАЕВА, ПСИХОТЕРАПЕВТ:

25-35 жас аралығындағы ата-аналар қазіргі балалардың психикалық жағдайына көбірек көңіл бөлуде. Психологқа жүгініп, алып келеді. Тіпті, баланың мінез-құлқында бір оңашалану, араласпай қою, сондай өзгешеліктерді байқаса бірден психологқа әкеліп жатады. Ал 35 жастан асқан ата-аналар кішкене қиындау. Олар оны қалыпты жағдай деп еспетейді көбінесе немесе менің балам дұрыс емес, өзі сондай, әдейі істейді деп ойлайды.

Мамандар жағдайға нақты не себеп болып отырғанын айта алмады. Дегенмен балаға ата-ана тарапынан көңіл бөлінбеудің де салқыны тиіп жатыр деп есептейді. Мұны елордалық Серік Төкеев та құптайды.

Серік ТӨКЕЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйге барсаң бала бір телефон, әйелің бір телефонда, басқалар бәрі бір-бір телефонда отырады. Бұрыңғыдай общение жоқ. Бала тәрбиесіне әсері осы деп ойлаймын. Мысалы, балаға көп көңіл бөлу керек қазір.

Жүйкесі сыр берген жасөспірім қылмыс жасап, керек десең өз-өзіне қол жұмсаудан да тайынбайды. Сондықтан мамандар ата-аналарға баласының бойынан қандай да бір оғаш қылықты, ауытқуды байқаса, бірден дәрігер кеңесіне жүгінуді ұсынады. Бұл – оқыс жағдайдың алдын алудың алғышарты екенін ескертеді.

А. Задабек