Қызылжарда жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен жатақхананы су басты. Тұрғындардың айтуынша, үйдің құбырлары мен шатырын ауыстырған мердігердің жұмысы сапасыз. «Ішкі су жүйесі шала-пұла жалғанған, ал едендегі плиталар ойқы-шойқы» дейді. Жаңғыртуға бөлінген 95 миллион теңге желге ұшты ма? Жыртықты енді кім жамайды? Абзал Құрманкин жалғастырады.
Шаһардың қақ ортасында тұрған жатақхана 60 жыл жөндеу көрмеген. Былтыр ғана жаңғырту бағдарламасы аясында 95 миллион теңге бөлініп, ғимарат жаңғыртылған. Нысанның шатыры, әр қабаттың едені мен су құбырлары ауыстырылды. Алайда жұмыс біткен соң-ақ шикіліктер шыға бастапты. Су құбырлары қысымға шыдас бермей атылып, бірнеше бөлмені су басты.
Леонид ВЛАСОВ, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Су атылған кезде бөлмелерге су кіріп, ламинат борсиып кетті. Мердігер ақауды бірден жоюға құлықсыз болды. Су құбырларын электр есептеуіштерінің дәл үстінен өткізіпті. Қазір дәл сол жерден құбыр жарылса, біз жарықсыз қаламыз. Ол өртенуі де мүмкін.
Наталья ДЬЯКОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
Біз жөндеу жұмысына өз ақшамызды жұмсадық. Ертең осы 95 миллион теңгені біз 15 жыл бойы өтеуіміз керек. Бұған кім жауап береді?
Ал жаңғырту жұмысын бір жыл бойы істеген мердігерлік компания құбыр шығаратын зауытты кінәлайды. Материалдар сапасыз болып шықты дейді.
Анатолий ОРЛОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
Жұмыстың барлығы жобаға сәйкес жүргізілді. Құбырлардың сапасы нашар екенін біз өткізгеннен кейін бірақ түсіндік. Қазір жаңа крандар саламыз. Егер бір ақаулар туындап жатса, оны өз ақшамыз есебінен қалыпқа келтіреміз.
Ал жергілікті билік өкілдері қате әкімдіктен емес дейді. Себебі мердігерді тұрғындардың өздері ұсынған көрінеді.
Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Тұрғындардың жиналысында жаңғырту жөнінде шешім қабылданды. Ізінше «МИРАС GROUP» серіктестігі мен «Мечта» кооперативі келісім-шарт жасасты. Қазір жұмыс толық мөлшерде істелді. Егер екі жылдың барысында бір олқылықтар шықса, оған мердігер жауап береді.
Биыл тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында ел қазынасынан бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл қаржыға қаладағы 18 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өткен.
А. Құрманкин