Русский Сайттың толық нұсқасы

«Cамұрық-Қазына» қоры Астанадағы қайымдылық жобаларымен таныстырды

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2022
  • 1606

«Самұрық-Қазына» Қоры елордадағы қайымдылық жобаларымен таныстырды. Баспасөз турына қоғам қайраткерлері, депутаттар және журналистер қатысты. Қордың 2022 жылға арналған қайырымдылық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 9 айда 7,1 млрд теңге игерілген. Бүгінде ел бойынша 44 жоба іске асырылуда.

Баспасөз шарасының алғашқы нысаны – «Тарлан» мұз сарайы. Парахоккейден Астана құрамасының спортшылары С-Pool әлем чемпионатына қатысу үшін қызу дайындық үстінде. Қор 14,5 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл спортшылардың жолына, тұруына, лицензия және командалық құрал-жабдықтар шығындарын өтеуге жұмсалады.

Ләззат РАМАЗАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Дәл осы бастаманы тек қана Астана қаласында емес, басқа қалаларға, осы Самұрық-Қазынаның аясындағы компаниялардың тұрған жерлеріндегі өңірлерде болса деген үміт бар менде.

Келесі нысан - «Замандас 21» отбасылық аула клубтары. Бюджеті 180,6 млн теңгені межелейді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында ашылған. Аталған аула клубтарда балалар ағылшын тілін үйреніп, робототехника, музыка және шахмат үйірмелеріне тегін қатысады. Бүгінде 3 500 баланы қамтып отыр.

Ләззат АЛШЫНОВА, «ЗАМАНДАС 21» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Әлеуметтік жағдайлары нашар, жалғызбасты аналар, т.б. қиындық көріп жатқан бүгін жанұяларға балаларын осы біздің отбасылық аула клубқа әкелуге болады. Астанамызда 6 отбасылық аула клуб бар. Барлық үйірмелер тегін өтеді. Самұрық-Қазына қоры – біздің демеушілеріміз. Олардың қолдауымен біздің проектіміз 10-11 жылдан аса өтіп жатыр.

Ал «Саламатты Болашақ» жобасы арқылы ерекше балалар белсенді өмір салтын ұстанып, жүзу мен каратэ, бочча, таэквондо мен хореография секцияларында ой-санасын сергітеді, денесін шынықтырады. Жобаның бюджеті соңғы 2 жылда 275,4 миллион теңгені құраған. Нәтижесінде жыл сайын еліміздің 16 қаласы мен кентінде 720 мүгедектігі бар бала спорттың 10 түрі бойынша секцияларға тегін барады.

А. Серік