Қостанай облысындағы Әулиекөлде өрттен зардап шеккен тұрғындарға салынған үйлер, толассыз жауған жаңбыр суының ортасында қалды. Мына бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл үйлерді орман өрті кезінде баспанасыз қалғандарға мемлекет салып берген болатын. Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мен аудан басшылығы үйлердің іргетасы судан зақымданбайды деп сендіруге тырысты.
Ерлан ТЕМЕНОВ, ӘУЛИЕКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қазіргі уақытта 4 су сорғыш техника мен 2 мотопомпа жұмыс істеп тұр. Су басқан аула мен септиктер құрғатылып жатыр. Жағдай толық бақылауда. Алдағы уақытта жаңа қалашыққа кәріз желісін салу үшін жобалық сметалық құжат дайындалуда. Жоба жүзеге асса бұл мәселе толық шешіледі.
Айта кетейік, өрттен зардап шеккен 91 тұрғынға үйдің кілті Республика күні қарсаңында тапсырылған. Салынған үйлердің бәрі бір типтес. Аумағы 100 шаршы метр, төрт бөлмеден тұрады. Әрбір үйдің алдында 10 сотық жер бар. Мұнда септик орнату әу-баста қарастырылмаған. Шайынды жинайтын орындар мердігерлер есебінен уақытша жасалған дейді тұрғындар.
Ә. Дүкембаева