Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысының Ленин шахтасында метан газы жарылып 5 адам қаза болды

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2022
  • 2588

Арселор Миттал Теміртаудың Қарағанды облысындағы 8 шахтасында жұмыс тоқтатылды. Оған Ленин кен орнында 800 метр тереңдікте болған метан газы жарылысы себеп болды. Алдын ала болжам бойынша метан жарылып қана қоймай, жанған. Газдың тез таралғаны соншалық ұңғыма түбіндегі кеншілер құтқару қондырғыларын іске қосып та үлгермеген. Апаттың себебін енді арнайы құрылған үкіметтік комиссия анықтауға кірісті. Толығырақ тілшіміз Айжан Қуаш баяндайды.

Мағжан Ынтыбеков небәрі 26 жастағы ағасы Марғұланнан айырылды. Бүгін оның заттарын алып кетуге келем деп еш ойламаған. Қайғырғаны соншалық сөйлеуге шамасы жоқ. Кеше түнгі ауысымға шыққан ағасы өзінің 4 әріптесімен бірге ұңғыма түбінен шыға алмай қалды. Марқұмдардың ажалына түңгі сағат 3-терде болған апат себеп болған.

«Шахтадағы төтенше жағдай 800 метр тереңдікте болған. Метан газының жылдам таралғаны соншалық кеншілер құтқару қондырғыларын іске қосып та үлгермепті. Қаза тапқан 5 адамның барлығы қауіпті газға тұншыққан. Оқиғаға қатысты тергеу басталды. Полиция тау кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу бабымен қылмыстық іс қозғады».

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

«Төтенше жағдайға байланысты ҚР ҚК-нің 277 бабы, 3-інші тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиға орнында Қарағанды облыстық полиция департаменті, Шахтинск қалалық полиция бөлімінің жедел тергеу тобының қызметкерлері жұмыс жасауда. Барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде ».

Қаза тапқандардың кім екенін анықталды. Олардың барлығы жер астын бұрғылау қондырғысының машинистері. Арттарында ата- аналары, балалары мен отбастары аңырап қалды. 4-еуінің денесі жер бетіне таңғы 6 да, 5-інші кеншінің мәйітін таңертең құтқарушылар жер бетіне әрең шығарды.

Жұмат ӨКЕНОВ, «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Бірінші 3 адамды таптық, одан кейін 4- іншісін одан кейін бесіншісін Бір орында екі адам істеген, жоғары қарай екінші орында тағы да екі адам жұмыс істеген. 5- інші адам ол маршрутпен жүретін кісі ғой тексеруге, сол кезде 5-інші боп жаңағы жағдайға түсіп қалған».

Метан жарылған сәтте шахтада 106 адам жұмыс істеп жатқан. Оның 96- ысы жер бетіне шыққан. Апаттың күштілігі сонша оқиға орнынан 1 шақырымда жерде жүрген тағы 4 кенші ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті. Оқиғаның нақты себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия төрағасы ТЖ министрі Юрий Ильин бүгін шұғыл брифинг өткізіп, алдын ала болжамын жариялады.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ МИНИСТРІ:

Апат кенет метан газының жарылуы салдарынан болған. Газ жарылып қана қоймай жанған. Метанның концентрациясы 5 процентті құрады. Бұл ең қауіпті, арты жалынға ұласатын көрсеткіш.Қазір арнайы құрылған комиссия жұмысына тәуелсіз сарапшыларды да тарттық. Шахтаның жұмысы тоқтатылды.

Юрий Ильин өндірістік қауіпсіздікті сақтау инспекторлары 1 апта бұрын Ленин шахтасындағы лавадан метанның жоғарғы көрсеткішін анықтап, жұмысын тоқтатқанын айтты. Оның төтенше жағдайға қатысы бар жоғы тергеу барысында анықталады. Болған джайтқа сенаторларда алаңдаулы. Олар үкіметтен оқиғаны бақылауға алуды, тіпті «Арселор МитталТеміртау» компаниясының басшылығын кеншілердің өлімі үшін жауапқа тартуды сұрады.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз өз тарапымыздан ары қарай осы комиссияның жұмысын нәтижесін тосамыз.Ұзаққа бармайды деп ойлаймын.Ол енді тез арада жасалуы керек. Өйткені ол созатын жағдай емес. Сондықтан біз енді осы комиссияның қорытындысы көрейік. Егерде керек болса тиісті заңдарға біз өзгеріс енгізуге біз дайынбыз.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Ұжымдық шарт бойынша материалдық қаржылық көмек толық көрсетіледі. Отбастарына 10 жылдық жалақы көлемінде өтемақы мен қоса қосымша пәтер алынатын болады».

Бас прокуратура тексеру қорытындысына қарай шешім қабылданатынын мәлімдеді. Қазіргі таңда Арселор Митталға тиесілі 8 шахтаның жұмысы бір тәулікке тоқтатылды. Ленин шахтасының өзінде соңғы 10 жылда 50- ден астам қазақстандық қаза тапқан. Компания оның себебін түсіндіруге асықпай отыр. Бүгінгі брифингке де қатыспады. Марқұмдардың денесі қазір сот медициналық сараптама мәйітханасына жіберілген.

А. Қуаш