Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жаңа туған сәбилерді сатқан қылмыстық топ ұсталды

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2022
  • 1864

Алматыда жаңа туған сәбилерді сатқан қылмыстық топ ұсталды. Олар балалардың туу туралы куәлігін дайындаумен, баласынан бас тартуға дайын жүкті әйелдерді және баласы жоқ отбасыларды іздеумен айналысқан. Топ құрамында АХАЖ бөлімінің қызметкерлері де бар. Бұл туралы ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Жалпы елімізде жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден астам дерек тіркеледі. Биылдың өзінде 6 қылмыстық топ анықталған. Адамдардың кейбірін олар құлдықта ұстаса, енді бірін тірі тауар ретінде саудалаған. Тұзаққа түсетін кімдер? Ақбота Базарбай айтады.

Дамир 15 жыл бойы ауылдық жерде қара жұмыс істеген. Басында бәрі жақсы болды дейді. Құлдыққа түскенін тым кеш түсінген.

Дамир, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Тамақ пен киім берді. Қара жұмысқа салды. Дұрыс істемесем ұрып-соғады. Уақыт өте келе денсаулығым сыр бере бастады. Алайда ешкім мән бермеді. Шыдай алмаған соң қашып кеттім. Трассаға шығып көмек сұрадым.

Ал Абай облысында 26 жастағы жігіт 12 жыл бойы құлдықта жүріпті. Психикалық ауытқуын байқаған біреу оны жұмысқа салып, қанаған. Шаруа қожалықтарына жұмысшы ретінде сатқан. Ал жалақысын өзінің қалтасына басып, ай сайынғы зейнетақы жинағы мен әлеуметтік төлемдерін жымқырып отырған.

Нариман КҮЛДІКОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жәбiрленушi туыстарына табысталды, ал күдікті ҚР Қылмыстық Кодексінің 128-бабының 2-бөлігі 2, 8, 11, 12-бөліктері (адам саудасы) және 190-бабы 1-тармағының 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тірі тауарға айналғандардың саны қылмыстық істен әлдеқайда көп. Оның басым бөлігі жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін притон ұйымдастырғандарға немесе күштеп ұстап отырғандарға қатысты қозғалған.

Қанат НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Жыл басынан бері адам саудасымен байланысты 76 қылмыс тіркелді. Оның ішінде жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін 5еу, кәмелетке толмағандарды сатқаны үшін 9, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін 7, адам саудасы үшін 14, притон ұйымдастырғаны үшін 41 іс бар.

Өңірлер бойынша адам саудасы Шымкентте жиі тіркеледі. Қалада өткен жылмен салыстырғанда мұндай қылмыс 2 есе көбейген. Екінші және үшінші орында Астана және Алматы қаласы тұр.

А. Базарбай