Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда су құбыры жарылып, қала тұрғындары сусыз қалды

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2022
  • 1729

Ал Қызылжарда құбыр жарылып, бүтін бір қала сусыз қалды. Бірнеше көшені су басты. Магистраль не себептен істен шықты? Олқылық қашан жойылады? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин айтады.

Апат кеше шаһардың қақ ортасында тапа-тал түсте болды. Жол астынан атқылаған су бірер минуттың ішінде екі көшені басып қалды.

Апат салдарынан қаланың барлық шағын аудандарында қысым азайып, тұрғындар бірнеше сағат сусыз қалды. Жағдай біртіндеп қалыпқа келтіріліп жатыр. Тек апат болған жерге жақын тұрғын үй мен кейбір нысандарға әлі су берілген жоқ.

Александр ВИБЕ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз сияқты жасына келген кісілер суды ылғи бөтелкелерге құйып, сақтап отырады. Су тоқтағанда сонымен күн көрдік. Жағдай реттелгенше шыдаймыз енді.

Нина РЫСЕВА, М.ЖҰМАБАЕВА АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кеше жауапты кәсіпорын бізді сумен толық қамтитынын хабарлады. Сондықтпн біз оқу процесін тоқтатқан жоқпыз. Бүгін таңертен сумен қамданып алдық. Қазір асхана, дәретхана жұмыс істеп тұр.

Ал жарылған құбыр айтарлықтай ескі емес көрінеді. Қызылжар су серіктестігінің өкілдері осылай дейді. 800 милимметрлік магистраль 2009 жылы жүргізілген. Жаңа желі 13 жылдың ішінде осымен екінші мәрте істен шығып отыр.

Арман САУТОВ, “ҚЫЗЫЛЖАР СУ” ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл құбыр жердің астында болған соң ақау орнын табу қиын болды. Біз арнайы роботты ішіне жіберіп, қай жерден жарылғанын анықтадық. Қазір бұл жерде үш бригада жұмыс істеп жатыр. Суы жоқ нысандарды біз арнайы техникамен тасып, сумен қамтып отырмыз.

Сала мамандары апатты жоюға барынша күш салып жатыр. Ал құбырды сапасыз салған мердігерді жауапқа тарту мүмкін емес көрінеді. "Қызылжар су" өкілінің айтуынша, ол компания жабылып қалған.

А. Құрманкин