Русский Сайттың толық нұсқасы

«Шахтадағы апатты тоқтату мүмкін емес»,- «Арселор Миттал Теміртау» АҚ өкілдері

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2022
  • 2250

«Шахталардағы апатты тоқтату мүмкін емес». Бүгін «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының басшылары журналистермен өткен брифингте осылай деді. Шетелдік инвесторлардың айтуынша, жер қыртысындағы метан газын бақылайтын технология әлемде жоқ.

Баспасөз конференциясына «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының бас директоры Биджу Наирдан бастап барлық басшылары қатысты. Әдеттегідей млрд- таған қаржыға қондырғы алғандарын, өндірістік қауіпсіздікті сақтағандарын айтып бақты. Соған қарамастан шахталардағы апатты тоқтату мүмкін емес,- дейді. Компания өкілінің айтуынша, әлемде жер қыртысындағы метан газын бақылайтын технология жоқ.

Арман ҚАЛЫҚОВ, «АРСЕЛОР МИТТАЛ ТЕМІРТАУ» АҚ КӨМІР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ондай технология әлемнің ешбір жерінде жоқ. Өкінішке қарай мұндай апаттар бізде ғана болып жатқан жоқ. Соңғы рет Ресейде, Түркияда да тіркелді. Біздің мамандық өте төтенше қауіпті.Әр ауысым, әр бір шахтаға түсу ол тәуекелге бас тігумен тең.

Шахталардағы апаттарға қарамастан компания Қазақстанда көмір қазуды тоқтатпайды. Қазір 32 мың шахтер мен металлург, тағы 7 мың адам мердігер ретінде осы кәсіпорынға жұмыс істейді. Инвесторлардың айтуынша, елімізге «Арселор Миттал Теміртау» 5 млрд доллар инвестиция салады. Оның 1 млрд-ын бөліп қойған. Сондықтан Ленин шахтасы уақытша жабылғанымен, үкіметтік комиссияның жұмысы аяқталып, апаттың себебі анықталған соң қайта іске қосылады. Компанияның бас директоры Биджу Наир шахталардағы төтенше жағдайдың жиілеуі КОВИД – ке де байланысты,- деді.

Биджу НАИР, «АРСЕЛОР МИТТАЛ ТЕМІРТАУ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазір әлемде адам өліміне әкеліп соққан төтенше жағдайлар санының көбейгенін байқап отырмыз. Бұл КОВИД кезінде бөлімшелер арасында өзара қарым- қатынастың жоқтығынан немесе нашарлауына байланысты болуы мүмкін. Әрине Қазақстанның жағдайы бізді көбірек алаңдатады.Бұл жағдайды өзгерту үшін бар күшімізді саламыз.

5 күн бұрын «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі Ленин шахтасында метан газы жарылып, жануынан 5 кенші ажал құшты. 4 шахтер газға уланып жарақаттанған. Апаттың нақты себебін анықтау мақсатында құрылған комиссия әлі жұмысын жалғастыруда.

Андрей ЛУКИН, «ҚОРҒАУ» КӨМІРШІЛЕР КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКТОРЫ:

Біз метан газы шығып жарылып, жанғанын білеміз.Ал ол неге жанды оны әрине комиссия анықтап жатыр. Әлі түсініксіз. Оны тоқтату мүмкін бе еді, мүмкін емес пе еді, оны айта алмаймыз. Жігіттер дәл сол метанды сыртқа шығарумен айналысып жатқанда оқыс жағдай болып отыр. Бұл олардың жұмысы, қалыпты жағдай. Әлемде метанның кенет жарылуына жол бермейтін технология жоқ.

Компания өкілдері метан газын қашықтан бақылайтын бірнеше қондырғы барын айтты. Оның біреу Ленин шахтасында екен. Алайда ол метан концентрациясын есептегенмен, жер қыртысында тұрған газды көре алмайды,- дейді. Ленин кен орны- аймақтағы 8 шахтаның ішіндегі ең қауіптісі. Соңғы он жылда мұнда 70 ке тарта адам қаза тапты.

Р. Бақытжанқызы