Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда ірі мұнай қоймасы салынады

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2022
  • 1833

Атырауда ірі мұнай қоймасы салынады. Бұл мұнай жоқ кезде ішкі қорды бірнеше ай ұстап тұруға көмектеседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен кездесуде осылай деді. Президент бұдан өзге өңірді дамытудың 7 басым бағытын атап өтті. Оның ішінде аймақты әртараптандырудан бастап, әлеуметтік салаларды дамыту, экологиялық ахуалды жақсарту бар.

Қазақстан көмірсутегі шикізатының қоры ең көп жиырма мемлекеттің қатарына кіреді. Соған қарамастан, еліміз мұнай-химия өнімдерінің 95 процентке жуығын импорттап отыр. Бұл – дұрыс емес,- деді мемлекет басшысы. Сондықтан ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін мұнай қоймасын салуды ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Сол себепті, мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады» «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын.

Атыраудың тағы бір байлығы – балық та шикізат күйінде экспортталып жатыр. Мұздатылған, өңделмеген шикі балықтың қызығын Ресей, Әзербайжан мен Израиль сияқты елдер көруде. Мемлекет басшысы балық шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің техникасын жаңарту арқылы дайын өнім экпортын ұлғайтуды тапсырды. Ал өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндігін қарастыру қажет,- деді. Әбден ескірген бекіре өсіретін қос зауытты жаңартуға инвестор тарту маңызды. Мемлекет басшысы сондай-ақ Жайық, Қиғаш өзендерінің тартылуы мен ластануына алаңдап, экожүйесін сақтап қалуға әрекет етуді, сағасын тереңдетуді тапсырды. Өңір экологиясы ірі мұнай-газ компанияларының жауапсыздығынан нашарлап бара жатыр,- деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ірі мұнай-газ компанияларының қызметі өңірдің экологиялық ахуалының нашарлауына әкеп соқтыруда. «Сасық сайдағы» жағдай біртіндеп оңала бастады. Алайда, Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметіне экологтардың көңілі толмайды. Жақында ғана зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, ондағы технологиялық және басқару үдерістерінің сапасын әлі де жетілдіре түсу қажет. Экологтар зауыттың зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін айтады. Бұған жол беруге болмайды.

Президент аймақты электрмен қамтамасыз етіп отырған «Атырау-Жарық» компаниясы жұмысын, өте баяу жүріп жатқан «Атырау – Астрахань» күре жолының құрылысын сынға алды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Автокөлік жолдарының сапасы халықтың тұрмысына және экономикаға тікелей әсер етеді. Бұл сала Атырау облысында ақсап тұр. Жергілікті жолдардың 72 пайызы ғана орташа күйде. Мұны төмен көрсеткіш деуге болады. Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы да жақсы емес. «Атырау – Астрахань» күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үкімет оны уақытылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ содан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Ауданаралық, облысаралық жолдардың сапасы жақсармаса, аймақтарды дамыту туралы айтудың өзі қиын. Сондықтан, жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады.

Бұдан өзге апатты жағдайда тұрған Атырау қаласы мен Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін тазарту жүйесін жаңғырту – уақыт күтпейтін мәселе деп астын сызып атап өтті. Және өңірдегі шетелдік компаниялар аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және экология мәселелерін шешуге атсалысуы керектігін Үкіметке қатаң тапсырды.

Б. Надірқызы