Русский Сайттың толық нұсқасы

"Электронды темекі мен энергетикалық сусын жастарға сатылмауы мүмкін",- Қ.Тоқаев

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2022
  • 2678

Елімізде электронды темекі мен энергетикалық сусын жастарға сатылмауы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен кездесуде осы туралы да айтты. Ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін бұл өте маңызды деді. Зиянды заттарды сатуға шектеу қоюды мамандар да құптайды. Себебі, оның артында үлкен мәселе жатыр дейді.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Қазір қай дүкенге кірсеңіз де энергетикалық сусынның түр-түрі сіресіп тұр. Талғамыңа сай келгенін таңдап ішесің. Басқа-басқа, дәл осы күш-қайратты артырар сұйықтыққа қазір жас та, жасамыс та құмар. Оның зиянын ойлап жатқан ешкім жоқ.

БЛИЦ:

- Күніне біреу ғой. Шаршаған емес уже әдет болып қалған.

- Аптасына бір рет, айына мүмкін, көп емес.

- Осыдан бір-екі жыл бұрын іштім. Жиі іштім.Күніне 2-3 рет деген сияқты.

Дәрігерлер энергетикалық сусынның құрамы денсаулыққа зиян екенін айтады. Себебі, өнім қуатты сырттан қоспайды, адам бойындағы энергияны қоздырады. Семіздіктің себебі де, жүйкенің жұқаруы да осының салдарынан дейді.

Нұрлан СЕЙІТОВ, УРОЛОГ:

Оны ішкеннен кейін жүйке тозады.Осының кесірінен әртүрлі ауруларға шалдығады. Өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады екен. Осы сұйықтықты электронды темекілерді пайдаланған жастардың ағзасынан тек қана еркектік гармондардың түсіп кетуі емес, ұрықтың сапасы түсіп кетуін тауып жатырмыз.

Қоғамда көптен бері көтеріліп жүрген мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдірді. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Электронды темекіге оқушыларда әуестеніп барады. Балалар оны дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл қауіпті жағдай. Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тиым салу қажеттігі жиі айтылады.Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек.

Ұлт денсаулығына зиян келтіретін электронды темекі мен энергетикалық сусындарға күн өткен сайын сұраныс артып барады. Біз бен сіз елей бермейтін бұл мәселенің соңы неге алып баратыны белгісіз. Сондықтан проблеманы Үкімет тездетіп шешпесе, жағдай күрделене түсуі мүмкін.

Б. Сатуов