Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жақында гүлдің орнына аскөк немесе ақжелкен сыйлайтын боламыз», - Аманжан Жамалов

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2022
  • 2027

«Гүлдің орнына аскөк немесе ақжелкен сыйлаймыз». Осылай деген Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Ұлттық банк пен Үкіметтің инфляцияны тежеудегі жұмысын сынға алды. Азық-түлік бағасы күннен күнге шарықтап барады.Нан, жұмыртқа, етті былай қойғанда көк шөптің өзі удай қымбат. Тапқанын тамаққа жұмсайтын халық та биліктен қайыр күтіп шаршады дейді. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай айтады.

Әдетте әйелдер гүл алса қуанады. Енді аскөк пен ақжелкен сыйласа да марқайып қалатын түріміз бар. Өйткені, гүлден бұрын күнделікті тамаққа қажетті көк шөп маңызды боп қазір. Ішер асыңды түрлендіргің-ақ келеді, әттең, бірақ кейде оған мүмкіндік бола бермейді.

Аманжан Жамалов Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Елімізде қымбаттамаған нәрсе қалмады деді. Соңғы 10 айда азық-түлік инфляциясы 23 проценттен асып жығылған.

Аманжан ЖАМАЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Тіпті көк шөптер де қымбаттап кетті. Жақында бір букет гүлдің орнына біз әйелдерге аскөк немесе ақжелкен шоғырын сыйлайтын күнге жетеміз. Ұлттық банк пен Үкімет бағаны ұстап тұру үшін дұрыс жұмыс істемейді. Яғни базалық мөлшерлеме мен «айналым схемасын» үнемі дұрыс жүргізбейді.

Әдетте күзде көкөніс, кейбір жеміс-жидек түрлерінің бағасы арзандайды. Бірақ биыл баға бет қаратпай тұр.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға көтергеннен кейін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме автоматты түрде көтерілді. Бұл бизнесмендер үшін ыңғайсыздық тудырды. Нәтижесінде баға шарықтады. Депутат мұның бәріне Үкіметті кінәлайды.«Айналым схемасының» дұрыс жүргізілмейтінін айтты. Ұлттық банк пен Үкімет арасында келісілген саясат жоқ деді.

Аманжан ЖАМАЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

2023 жылы мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге рекордтық 1,8 трлн теңге жоспарланған. Банктер өздерінің көп триллион долларлық өтімділігін Ұлттық банктің ноталарына ыңғайлы орналастырып, жылдық 16% пайда табады. Бұл қарапайым азаматтар туралы емес, ауқатты адамдар туралы. Қарапайым тілмен айтқанда, байлар байып жатыр, ал кедейлер бағаның өсуінен кедейлене бермек.

Бөлшек желілерге емес, тікелей өндірушілерге несие беру қисынды болар еді дейді депутат. Бірақ кері схема ештеңе болмағандай жұмысын жалғастыруда. Ал Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз, қазір жағдай тұрақты дейді.

Әлия МОЛДАБЕКОВА, ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазанда біз валюта нарығында қалыпты құбылмалылықты байқадық. Бір айдың ішінде динамика әртүрлі бағытта өрбіді. Қазанның қорытындысы бойынша, теңге 1,7%-ға нығайды. Мұнай бағасының өсуі де теңгенің нығаюына түрткі болды. Базалық мөлшерлемені көтеру және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатуы да теңгеге қолдау көрсетті. Қазір валюта нарығы теңгерімді. Валюталық интервенциялар жүргізу қажет болмады.

Үкімет импорттық тасымалды да қайта қарауы қажет. ЕАЭО және Орталық Азия шеңберінде импорттың жаңа тиімді тұстарын тауып, еліміздің географиялық артықшылығын мемлекеттің пайдасына жарату керек. Депутаттардың Үкіметке ұсынысы осы!

А. Базарбай