Түркістан музыкалық драма театрында «Мағжан» спектаклі қойылады. Жас өнер ұжымы қарашаның 12-сі мен 13-і күндері жас драматург Алмас Нүсіптің пьесасына қойылған «Мағжан» спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынбақшы. Қойылымда Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық өмірі, махаббаты, ұлтқа адал қызметі, қазақ даласын жайлаған аштық кезі сахналанады. Идея авторы және көркемдік жетекші -Айнұр Көпбасарованың айтуынша, көрермен спектакльден жас Мағжанның, өмірге ғашық Мағжанның, елінің ауыр хәлі үшін шексіз азап шеккен, басын қатерге тіккен Мағжанның және бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көреді. Басты рөлді Еркебұлан Дайыров сомдайды.
Еркебұлан ДАЙЫРОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
Осындай уақытта Мағжанды қайтадан көбірек сахналау, оны жарнамалау, жалпы жастардың қызығушылығын тудыру, Мағжан атамыздың тек шығармашылығына емес, оның ел үшін қандай тірлікке араласа білді, қандай батырлыққа, қандай жанкештілікке бара білді, осындай дүниелерді де сахнада біз көрсететін боламыз.
А. Төребекқызы