Русский Сайттың толық нұсқасы

Көп әйел алған дұрыс па?

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2022
  • 2694

Көп әйел алған дұрыс па? Қоғамда қызу талқыланатын тақырыптың бірі – осы. Біз эксперимент жасадық. Жұрттың пікірін білейік дедік. Келіншектер тоқал мәселесіне қалай қарайды, ер азаматтардың көзқарасы қандай? 

Әрине, әйеліне екінші әйел іздеп жүрген келіншекті көріп ел-жұрт таң қалды. Бірі есі ауысқан деп ойласа, енді бірі басқа бір себебі бар шығар деген пайымға келді. Әйтсе де біздің орта күйеуіне тоқал алып беруге дайын емес екендігін байқатты.

Тоқал алу бүгін шыққан жаңалық емес. Қазіргі кезде трендке айналған бұл тақырып, біріне жақса, біреудің құлағына түрпідей тиеді. Десе де, қоғам белсендісі Бақытбол Берімбайұлы тоқал алу дұрыс деп санайды.

Бақытбол БЕРІМБАЙҰЛЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Құдай қаласа, бәйбішем рұқсат беріп отыр. Алла бұйырған күні көреміз. Мәселе бір құмарлықтан алайын деп жүрген жоқпын, ұрпағым да жоқ емес, ұрпағым бар, Аллаға шүкір. Дегенмен мына жас жігіттер тоқал алмайды. Мен сияқты сақа жігіттер, үлкен парасатты азаматтар шешетін нәрсе. Бұл алып берудің өзі парасаты биік бәйбішелер алып береді.

Елімізде ресми түрде бәйбіше болып отырған әйел аз емес. Олар күйеуіне тоқал алуға көбіне үш жағдайда келісім беретін көрінеді. Біріншісі – денсаулығы болмаса, екіншісі – қаржы жағынан тәуелді, үшіншісі – күйеуін «көзсіз» сүйеді. Бірақ, ер азаматтар жауапкершілікті түсініп, әйел құқығын аяқ асты етпесе дейді мамандар.

Шынар ТӨЛЕШОВА, ДЕМОГРАФ:

Бұл мәселе біріншіден қоғамда іріткі салмау керек. Екіншіден жеке адамдардың өздерінің бір мүдделерінің құралы ретінде болмау керек. Содан кейін әйелдің жалпы құқығы тапталмау керек. Осы мәселелердің барлығы жан-жақты қаралып, талқыланып, кімнің ұтып, кімнің ұтылу жағдайының бәрі қарастырылғаннан кейін ғана бұл мәселеге я дұрыс, я бұрыс деп қараған дұрыс сияқты.

Қазақ қашанда жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған. Байырғы заманда иманы мен шамасы жеткен ер азаматтың ғана бірнеше әйел алуына мүмкіндігі болған. Ал қазір ше? Кей жастар екінші әйелдікке жас қыз аламын деп өзінің отбасынан айырылып, әйелі жесір, балалары жетім қалып жатқаны жасарын емес. Тіпті, қалталы азаматтарға өздері іздеу салып, тоқал болуға дайын қыз-келіншектер де баршылық. Бұл- қоғамның ащы шындығы.

А. Базарбай