Шымкентте үйлену тойында оқ атылды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті екі тұрғынды ұстады.
Ұсталғандар жеке үйлердің бірінде қалыңдықты шығарып салу рәсімінен кейінгі отшашу кезінде ауаға бірнеше рет оқ атқан. Полицейлер АКСУ-47 жауынгерлік автоматы және АК-74 автоматын тәркіледі. Сондай-ақ, жиырмаға жуық атылған оқтың гильзасы табылды. Қазір бұған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптама тағайындалды. Қызылордада да осыған ұқсас жағдай болды. Газды тапаншамен оқ атқан ер адам қамауға алынды. Ол көлік жүргізіп келе жатып, терезеден қолын шығарып бірнеше рет аспанға атқан. Тексеріс нәтижесінде оқиға той кезінде болғаны анықталды.
Нұрлыхан РАХМЕНШЕЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Аталған дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар кодекстің 434 бабы ұсақ бүзақылық, 484 бабы азаматтық қызметті пайдалану тәртібін бұзу, 485 баптары газды қаруды құқыққа сыйымсыз қолдану бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, қазіргі таңда ол 7 тәулікке басқармамен әкімшілік қамауына алынды.
М. Тоқтасынқызы