Русский Сайттың толық нұсқасы

Халық балық жемейді. 3 жылда балық сату азаюы мүмкін - министр

  • AstanaTV
  • 14 қараша 2022
  • 2431

Елімізде балық көп ауланады, бірақ жұрт аз жейді. Ішкі нарықта қатты сұраныс болмағандықтан, қалған өнім шетелге шығарылатын. Енді салқындатылған және мұздатылған балық өнімдерін экспорттауға министрлік тыйым салмақ. Артылған өнімді енді қайтеміз? Су сүзіп, нәпақа тауып жүргендердің жағдайы не болады? Әріптесім Ақбота Базарбай жауап іздеді.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қазақстанның табиғи су қоймаларында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады. Алайда, елде су маржанының саудасы төмен, күнделікті тұтынатындар аз. Жылына бір адам кемінде 16 келі балық етін жеу керек десек, бұл көрсеткіш бізде 4 келіге де жетпейді.

БЛИЦ:

- Өте қымбат, алғымыз келеді. Қол жеткен кезде алып жүрміз қазір.

- Зейнетақы аз, балыққа жетпейді. Кейде айына бір рет болады.

Серікқали БРЕКЕШЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Арттыру қажет. Өз кезегінде көршілес Ресей мен Қытайда бір адам сәйкесінше 23 және 43 кг тұтынады.

Алдағы 3 жылда балық саудасы азаюы мүмкін дейді министр. Бұл салада шешуді талап ететін мәселе шаш етектен. Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттары Үкіметті сынға алды. Білікті маман тапшы, жалақы аз, тіпті мемлекеттен бөлінген оқу гранттары жөнді игерілмейді деді.

Балайым КЕСЕБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда Үкіметтің жүргізіп жатқан жұмысына қарамастан, балық шаруашылығы дами алмай отыр.

Елнұр БЕЙСЕНБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Балық шаруашылығы мәселесінде кадр жетіспеушілігі анық байқалады. Екіншіден, жергілікті жерлердегі балықшылардың жалақы мәселесі, яғни олар 12 ай тұрақты табыс таппайды.

Мәди АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Биылғы оқу жылында грант саны артқанмен мектеп түлектері балық шаруашылығына барғысы келмейді. Мысалы биыл бөлінген 110 гранттың бар - жоғы 30 пайызы игерілген. Өйткені қызығушылық жоқ.

Экспортталатын ауыл шаруашылығы тауарларының жартысынан астамы- балық өнімдері. Бұл- қарапайым балықшылардың еңбегі. Алайда, батыстағы шаруаларға қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе - су тапшылығы. Өйткені өңір тіршілік нәрін Ресейден алады. Жыл сайын Жайық арқылы 4 миллиард текше метр су келгенімен, мұның өзі аздық етеді дейді.

Артур ТҮМЕНОВ, «БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ» БҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

Көшім каналы бар суды сол Жайықтан алып отырған. Бекіре тұқымдас балықтар Жайық өзенінің азаюына байланысты уылдырық шаша алмайды.

Өңірде жергілікті табиғатқа бейімделген тұқы балығын өсіру де қолға алынған. Ал қалған суқоймалар жалға берілгендіктен, жыл сайын шабақ жіберіліп, балық қоры молайтылып отырады. Жалпы Қазақстан 25 мың тонна балық өнімдерін шетелге шығарады. Енді министрлік кәсіпорындардың өндірістік қуатын аттыру үшін балықты салқындатылған және мұздатылған түрде экспорттауға тыйым салмақ.

А. Базарбай