Русский Сайттың толық нұсқасы

«Алматыда ауа ластануының жоғары деңгейі үлкен мәселе және ол дереу шешуді талап етеді»,- Қ. Тоқаев

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2022
  • 1976

"Алматының жылу электр орталықтарын газға көшіру ауаның ластауын 10 есе төмендетеді". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына барған жұмыс сапарында осылай деді. Президент өңірді дамытудың негізгі басымдықтарын айқындады. Оның ішінде шаһардың тұрақты дамуын әртараптандыру, жол-көлік жүйесін дамыту, экология мәселелерін шешу және қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бар.

Президент қала жұртшылығымен кездесу барысында Алматыны еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы екендігін атап өтті. Бүгінде Алматы жалпы ішкі өнімнің бестен бірін, яғни бюджеттік кірістің 25 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Десе де, мегаполисте шешімін таппай келе жатқан мәселе көп. Солардың бірі – экология. Ауаға таралатын ластаушы заттар қалдық көлемі шамамен 125 мың тоннаны құрайды. Президент бұл мәселені дереу шешу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алматылықтарды ауаның ластануының жоғары деңгейі қатты алаңдатып отырғанын білемін. Негізгі көздер автокөлік болып табылады – 55% . ЖЭО және өнеркәсіптік кәсіпорындар 35%-ды құрайды. Сондай-ақ газдандырылмаған жеке үйлер шамамен 10%-ды құрайды. Жағдай тығыз құрылыспен күрделене түсуде. Әкімдік мұның бәрін қатаң қадағалауы тиіс.

Әзімбай ҒАЛИ, САЯСАТТАНУШЫ:

Алматы – Қазақстандағы ең ірі қала, оның үстіне тұйықтау жерде орналасқан. Экология жағынан ең ауыр қалалардың бірі. Ластаушы факторлар көбейіп келе жатыр. Сондықтан Президенттің Алматыға назар аударғаны – өте маңызды. Менің ойымша бір радикалды шешімдер қабылдауы мүмкін.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы үшін жер сілкіністерін дәл болжау және олар туралы ерте хабар беру маңызды екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай 28 сейсмостанцияны орнатуды тапсырды. Жиында баспана мәселесі сөз болды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ солай екен деп, еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Бекембай САХИ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарға көп көңіл бөлді. Жалпы маған ұнағаны – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алматының дамуы туралы көптеген бағыттарды атап өткен болатын. Еңбек жолын енді бастап келе жатқан жастарға пәтер алуға қолайсыз. Осы мәселені шешу үшін мемлекет міндетті екенін атап өтті.

Күн сайын Алматы жолдарымен транзиттік жүк көлігін қоса алғанда, 700 мыңнан астам автокөлік өтеді. «Сондықтан әкімдік трафикті оңтайландырып, жол қозғалысын басқарудың жаңа жүйелерін енгізуі тиіс»,- деді мемлекет басшысы. Сондай-ақ, 3 тен 6 жасқа дейінгі балалардың 97%-ын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларды шұғыл түрде салу керек. Сондай-ақ, балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет.

Тілекші БЕКМУРЗИНА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгінгі жиында өзекті мәселелер қозғалған болатын. Бірқатарына тоқталып кететін бослам, ең бірінші – ол балабақшаның жетіспеушілігі. Және қоғамдық орындар мен саябақтырдың жетіспеушілігі. Қосымша жолдарды да көбейту керек сияқты. Қазір бір жерден екінші жерге жету өте қиын. Біраз уақытты алады. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастаған бастамаларын қолдаймын.

Жиын соңында мемлекет басшысы елеулі жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Алматы қаласының бірқатар азаматын мемлекеттік наградалармен марапаттады.

М. Жақан