Құндақтағы сәби де «тауарға» айналды. Қазір оны сататын да, сатып алатын да көп. Әлеуметтік желіде сауда қызып тұр. Қаласаңыз, баласын сатқысы келетін ана сізге өзі хабарласады. Тілшіміз Ақбота Базарбай тарқатады.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Бала керек пе? Қара нарықтан қиналмай табасыз. Құлаққа түрпідей тиеді әрине, бірақ қазір бала асырап алудың сіз бен біз білмейтін құпиясы көп. Менің қолымдағы бұл сәбидің бағасы - 300 мың теңге!!! Өзге емес, өз анасы сатады. Бала асырап алу кәнігі кәсіпке айналғаны ма?
Біздің экспериментке өткен-кеткеннің көбі таңырқап емес, қорқып қарады. Бірі полиция шақырмақшы болды, бірі мені ойымнан айнытуға тырысты. Бірақ, әлеуметтік желіде жұрт басқаша. Біреулер ашықтан-ашық "бала асырап аламын, рақметім болады" деп жазса, енді бірі "300мың беремін" деп жаңа туған сәбиге нақты баға қойған. "Жазыңдар, бере саламын" дейтін тас бауыр әйелдер мен делдалдар да кездеседі. Ал сәбиді саудалағандарға жаза қандай?
Нұрбол АШАҚҰЛОВ, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
Бұл бала сату ауыр және аса ауыр қылмыстардың түріне жатады. Ең ауыр жаза 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қарастырылған.
Көбіне бұл қылмыс түрі жасырын істеледі. Көрген, не естіген адамдардың, куәгерлердің ақпараттандыруы арқылы жедел іздестіру шараларымен анықталады дейді департамент өкілі. Соңғы 5 жылда бала сатудың 44 дерегі анықталып, 44 тұлға жазаланған. Ал биылдың өзінде 9 қылмыстық іс тіркеліпті
Айнұр БҰЛАҚБАЙ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Күйзелістен, ақшаның жоқтығынан, мұқтаждықтан, келіншектер амал жоқтықтан барып жатқандығынан деп ойлаймын мен. Енді бұл жерде не істеу керек? Не қылу керек деген сұраққа келетін болсақ, әлеуметтік жағдайын көтеру керек пе? Мүмкін жауапкершілікті арттыруда ер баланың тәрбиесін қолға алу керек пе дұрыстап? Ер балаға жауапкершілікті артып үйретіп, ортада қыз баланы әдептілікке, ер баланы жауапкершілікке үйретсек.
Мәселенің тағы бір ұшы бедеулікке тіреледі. Мамандардың айтуынша, елімізде ерлі-зайыптылардың 15 проценті бала сүю бақытынан айырылған , сәби сүйе алмағандықтан 20 пайыз отбасының некесі бұзылады.
А. Базарбай