Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары тұрғындармен кездесті

  • AstanaTV
  • 01 тамыз 2016
  • 2166

«Нұр Отан» партиясының өкілдері аймақтарда халықпен кездесіп, «Ұлт жоспары» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен таныстыруда. Бүгін саяси ұйымның Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нәйлә Ахметова өз сайлаушыларымен жүздесті.

Шахардағы Целинная көшесі 91-93 мекен жайында орналасқан көп қабатты екі тұрғын үйде 300-ге жуық отбасы тұрады. Тұрғындардың сөзінше, олардың көбі зейнеткерлер мен жас отбасылар. «Нұр Отан» партиясы өкілімен кездесуге келген олар мұң-мұқтажын айтып, өз мәселелерін ортаға салды. Көптен бері шешілмей келген түйткілдің бірі -  абаттандыру ісі, - дейді. Аумаққа асфальт төселмеген. Салдарынан үйдің маңайы жауын-шашынды күндері лай судың астында қалады. Балалар мен егде жастағы адамдарға тынығатын орын да жоқ.

Людмила Редькина, Павлодар қаласының тұрғыны:

Жауын-шашынды күндері ауламыз судың астында қалады. Щедрин және Целинная көшесіндегі үйлерге келіп-кету мүмкін емес. Аумақ жарықтандырылған. Бірақ бізге балалар алаңқайы да қажет. Волейбол алаңын бояп, асфальт төсеп берсе деген өтінішіміз бар.

Тұрғындардың базынасын тыңдаған партиялықтар мәселенің бақылауға алынатынына уәде берді. «Ұлт жоспары» бағдарламасында халықтың тіршілік етуіне ыңғайлы орта қалыптастыру қажеттігі жайлы арнайы айтылған. Нәйлә Ахметованың сөзінше, сайлаушылардың бүгінгі белсенділігі атап өтуге тұрарлық. Және олар көтерген түйткілді мәселені шешуге мүмкіндік те бар.

Нәйлә Ахметова, «Нұр Отан» партиясы Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Бірнеше мәселе бар. Бұл маңызды мәселелерді шешеміз деп ойлаймын. Себебі осындай мәселелер шыққанда, біз депутаттар арқылы, «Нұр Отан» партиясы арқылы көмегімізді көрсетуіміз керек. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ