Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне барлық жағдай жасалғанын айтты.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінгі күн еліміз үшін маңызды, Президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау еліміздің алдағы дамуының бағыт-бағдарын айқындайды. Біздің еліміз үшін соңғы жылдары оңай болмады. Пандемия ел экономикасы мен халқымызға ауыр тиді. Дегенмен қиындықтарға қарамастан Қазақстан халқының бірлігі мықты.
Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов та Астана қаласындағы нөмірі 110 учаскесіне келіп, дауыс берді. Бұл учаске «Қазақстан темір жолы» ғимаратында орналасқан. Палата спикері елордалықтармен бірге өз таңдауын жасады.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз енді барлық өңірлерді аралап келдік қой. Халықтың көңіл-күйін көрдік. Халық та сайлауға деген қызығушылық өте мол. Халық түсінеді бұл тағдыр шешті сайлау екенін. Мемлекетіміздің дамуы осы сайлауға байланысты екенін, сондықтан қызығушылық көп. Бүгінгі болжамымыз халық өте көп келеді деп ойлаймын. Еліміздің болашағы үшін дауыс бердім, тұрақты болуы үшін. Еліміздің бай қуатты болуы үшін.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесіне ол әдеттегідей отбасымен келді. Оның айтуынша, биыл сайлау науқанында қоғам белсенді.
Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
Отбасыларымыздың болашағына жақсы бір өзгерістер керек десек, онда сайлауға міндетті түрде қатысуымыз керек. Өз дауысымызды беру керек. Жаңа жоғарыда аталғандай Конституциялық құқығымызды пайдалану керек.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов та өз таңдауын жасады. Үкімет басшысы Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасының ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесіне барды.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Осы күн мемлекетіміздің алдағы жеті жылдағы даму бағытын айқындайды. Біз азаматтық белсенділік танытып, Мемлекет басшысы лауазымына өз кандидатымызға дауыс беруіміз керек. Өз басым әділ және қуатты Қазақстан үшін, әрбір отбасының әл-ауқаты жоғары болуы үшін дауыс бердім.
Ә. Дүкембаева