Русский Сайттың толық нұсқасы

101 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров сайлау учаскесіне барып дауыс берді

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2022
  • 2133

Қызылордада 101 жастағы соғыс ардагері сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Науқанға әрбір азаматтың бей-жай қарамау қажеттігін айтып, батасын берді. Сыр өңіріндегі сайлаушылардың белсенділігін тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы баяндап берсін. 

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Аймақта 373 сайлау учаскесі бар. Оның 28-і азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған. 482 мыңнан аса адам өз таңдауын жасауға құқылы. Оның ішінде 1700-ден аса азамат үйден дауыс беруге өтініш қалдырыпты. Ал мына біз тұрған сайлау учаскесіне тұрғындардың қарасы қалың. Көпшілік ерекше көңіл-күймен келіп жатыр.

Биғали КАЮПОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Тебірену бар. Өйткені Қазақстанның келешегі жарқын болса дейміз. Балдарымыз, немерелеріміз, жақсы кезеңде Қазақстанның дамыған, өрбіген кезінде өмір сүрсе деп ойлаймыз.

Бекмырза ЕЛАМАНОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Халық бүгінгі шарадан үлкен үмітте, еліміздің болашағын күтіп отыр. Сондықтан да бүгінгі шараға сайлауға құқығы бар бүкіл Қазақстан дауыс беру керек қой. Еліміздің болашағы үшін, экономикамыздың дамуы үшін.

101 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров сайлау учаскесіне барып дауыс берді. Сырдариялық соғыс ардагері бірлікті ту етіп, елдің дамуына негіз болатын саяси науқанға әрбір азаматтың бей-жай қарамау қажеттігін айтты. Қазыналы қария өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Кейбір сайлау учаскелерінде келушілерге бауырсақ ұсынылып, тіпті келіндер сәлем салып қарсы алып жатыр. Сонымен қатар, ата-аналарына ере келген балаларды ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі қуыршақтар күтіп алуда. Ал сайлаушыларға ел тарихынан виктариналық сұрақтар қойылып, сыйлықтар үлестірілуде. 

М. Тоқтасынқызы