Русский Сайттың толық нұсқасы

Теріскейліктер таңмен таласа жаппай дауыс беруге ағылуда

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2022
  • 1098

Теріскейліктер таңмен таласа жаппай дауыс беруге ағылуда. Осы уақытқа дейін тұрғындардың үштен бір бөлігі өз таңдауын жасаған. Бізбен тікелей эфирге Петропавлдағы әріптесім Абзал Құрманкин қосылады. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Рахмет, Әмина! Қызылжарда сайлау учаскелері таңғы 7де мемлекеттік әнұранмен жұмысты бастап кетті. Содан бері сарышұнақ аязға қарамастан адам қарасы үзілген жоқ. Арасында сайлауға алғаш рет қатысып отырғандар да бар. Биыл кәмелеттік жасқа толған Даниял Әбуов өз азаматтық позициясын білдіруге келгенін айтады.

Даниял ӘБУОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен әрдайым ата-анамның дауыс бергенін көріп жүрдім. Олар сайлау әр азамат үшін маңызды екенін айтып отырады. Сондықтан он сегізге тола сала, мен де елдің жарқын болашағы үшін атсалысуға бел будым.

Ал жасы тоқсаннан асқан Гүлсім Мырзақұлова бір сайлауды өткізген емес. Кейуананың 45 немересі мен 120 шөбересі бар. Кеуана бұл сайлаудан зор үміт күтетінін айтады.

Гүлсім МЫРЗАҚҰЛОВА, БӘЙТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мынау Өзбекстаннан балаларым қазақ болсын, қазақша оқысын, Қазақстанға қосылсын деп алып келгенмін. 12-13 үй келгенбіз. Осы президенттеріміз жақсылыққа апарсын. Талаптарымызды жоғары көтере тұратын президент болсын қайсы болса да.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Жалпы, теріскейде 385 мың адам дауыс беруге құқылы. Оларды тас түйін дайындалған 640 учаскі таң сәреден бастап қабылдап жатыр. Сайлау науқаны кешкі сағат сегізге дейін жалғаспақ. 

А. Құрманкин