Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда терактіден зардап шеккен екі полиция қызметкері ауруханада көз жұмды

  • AstanaTV
  • 01 тамыз 2016
  • 2718

Алматы ауруханасында көз жұмған екі полиция қызметкерінің денесі туған ауылдарына жеткізілді. Екі апта бұрын орын алған қанды оқиға кезінде ауыр жараланып, ауруханада жатқан қос полицейдің бірі сенбі күні көз жұмған еді. Ал екіншісі бүгін таңға жуық қайтыс болды.

Аға сержант Серік Әбділдаевты туыстары Алматы облысындағы туған ауылына апарып, жер қойнына тапсырды. Ол 1994 жылдан бері Ішкі істер органдарында қызмет етіп келген. 18 шілде күні Алматыда болған атыс кезінде ауыр жараланды. Полицейдің өмірі үшін дәрігерлер ақырына дейін күресті. Марқұмның артында жары мен үш перзенті қалды.

Нұржан Бейсеев, Алматы қаласы ІІД қызметкері, С. Әбділдаевтың әріптесі:

Серік өзгеге үлгілі, сөзіне берік, ісіне сенімді жігіт еді. Жастарға көп нәрсе үйретті. Екеуміз 5-6 жыл түнгі уақытта жұмыс істедік. 18 шілдеде ол Алмалы ауданыныда атыс болып жатыр деген соң, шақыртумен бара жатып жолда қанды қол қылмыскердің оғынан жараланды. Міне қаза тауып отыр енді.

Ал екінші құқық қорғаушы Мейрамбек Рахматуллаев та жансақтау бөлімінде көз жұмды. Оның мәйітін туыстары бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданына алып кетті. 24 жасында қыршынынан қиылған ол полиция қатарында 4 жыл еңбек еткен. Ол да күдіктінің бейберекет атқан оғынан жараланып, ауруханада есін жимастан қайтыс болды.

Осылайша, Алматыдағы қанқұйлы оқиғаның салдарынан көз жұмғандар саны 8 адамға жетті. 2 науқас ауруханада ем алып жатыр. Айта кетейік, Алматы қалалық әкімдігі мезгілсіз көз жұмған полиция қызметкерлерінің туыстарына әлеуметтік қолдау ретінде 10 млн теңгеден қосымша қаржат аудармақшы.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ