Қостанай
облысы Жамбыл ауылының тұрғындары жайылым мен шабындық жерлердің тапшылығына
алаңдаулы. Олардың уәжін Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова тыңдады. Ауыл маңындағы
жерлердің барлығы егістікке беріліп, мал асыраған қарапайым шаруа жайылым
жерлерден тапшылық көруде. Шөп шабатын жер болмағандықтан, қыстық мал азығын да
жеке азаматтардан тым қымбатқа алып отыр. Осы мәселелердің барлығын депутат
алдағы жұмыс маусымында көтеруге уәде
етті. Әлия Сапарова сондай-ақ шалғайдағы халыққа жер реформаларына қатысты
түсініктеме берді.
Әлия
Сапарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Ең
басты мақсатымыз - сайлаушылармен кездесу, біздің аймақтың тұрғындарымен кездесу,
олардың проблемаларын тыңдау. Белгілі мәселелерді тыңдап, болашақта шешілуіне
жағдай жасауға мүмкіндік туғызу.
Ал Шығыс Қазақстан облысына барған Мәжіліс депутаты ауыл шаруашылығы жерлерінің
құны қымбаттығын көріп, таңданысын жасырмады. «Нұр Отан» партиясы фракциясының
мүшесі Ирина Унжакова Глубокое ауданында шаруалармен кездесті. Егіс алқабындағы
қызу жұмысқа қарамастан, шаруалардың шешімін таппаған мәселелері жетерлік.
Алқаптарға апаратын жолдар жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ ауылдықтардың
табысын жария етуі , жер кодексіне енгізгелі жатқан реформалар. Шаруаларды осы
мәселелердің барлығы толғандырады.
Алексей
Мамонтов, шаруа:
Жолдың
жайын жана өзіңіз көрдіңіз. Негізгі көмек қажет жер сол. Менің қожалығым
ауылдан 25 шақырым жерде. Жол тіптен жоқ.
Депутат
алқаптарға апарар жолдың жайын дәптеріне
түртіп алды. Жергілікті халық шаруаларға
жеңілдікпен сатылатын жерлердің қымбаттығын да үкіметке жеткізуді аманаттады.
Өңірде жердің құнарлылығына байланысты бір сотық телімнің кадастрлық құны 50
мыңнан 80 мың теңгеге дейін барады. Шамамен 10 гектар жер алу үшін шаруа 500
мыңнан миллион теңгеге дейін шығындануына тура келеді. Ал ондай бағаны ауыл
тұрғынының қалтасы көтермейтіні белгілі.
Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр
Отан» фракциясының мүшесі:
Шаруалармен
кездеспес бұрын, жерлері ең қымбат аудандарға әдейі хабарластым. Зырян
ауданында алқаптардың құнарлылығы ең жоғары, тиісінше бағасы да соған сай.
Егістік жердің бір гектары мұнда 9500 теңге. Шабындықтың гектары 4200. Бұл
түйткілді проблема, мұны шешу керек.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ