Русский Сайттың толық нұсқасы

Сайлау науқаны жарқын сәттермен есте қалды

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2022
  • 918

Өңірлерде сайлау науқаны жарқын сәттермен есте қалды. Дауыс беруге келген тұрғындар сайлау учаскелері дайындаған тосын сыйларға тап болды. Тәтті тағамдар мен бауырсақ, музыкалық оркестр сайлаушылардың көңілін көтергені анық. Бүгін аймақтарда тағы қандай қызықтар болды? Келесі сюжетте.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ақтоған ауылында тұратын Сейтжановтар әулетінің 10 келіні ауызбіршілікпен өз таңдауларын жасады. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан келіндердің ақ жаулықтары бастарынан түспеген. Олар «Абысын тату болса – ас көп» деген ұстанымда. Ал елдің бірлігі «отбасындағы береке мен татулықтан басталады» дейді. Бүгінгі айтулы күні енелері бастап, абысынды-келіндер сайлау учаскесіне іргелері ажырамай, бірге барды.

Әйгерім ШӘКІРОВА, АҚТОҒАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Берекелі әулеттің үлкен келіні боламын. Анамыздың дана жолымен, дара жолымен берген тәлім-тәрбиесімен бүгінгі сайлау науқанында өз ауызбіршілігімізбен, сыйластығымызбен әр келін өзіміздің таңдаған кандидатымызға дауыс бердік. Елдің бірлігі, халықтың тыныштығы, сол үшін біз өз таңдауымызды жасадық.

АҚТӨБЕ

Таңғы алтыда оянып, сайлау учаскесі алдында алғашқылардың бірі болып сап түзеген бұл – ұшқыш курсанттар. Бүгін әскери оқу орнының үш жүзге тарта курсанты ел болашағы үшін өз таңдауын жасады. Болашақ ұшқыштар арасында 29-ы – 1-ші курс студенттері. Олар сайлауда алғаш рет дауыс берді.

Руслан ТРОЦЕНКО, Т.БИГЕЛДИНОВ АТЫНДАҒЫ ӘҚК ӘСКЕРИ ИНСТИТУТЫНЫҢ КУРСАНТЫ:

Мен ел Президентін сайлауға алғаш рет қатысып отырмын. Еліміздегі саяси процесстерге қатысуға мақтанышпен қараймын. Адам саяси процестерге қатыспаса, өз еліне бәрібір деген сөз болады. Ал адам келіп өз таңдауын жасаса, бәрібір емес, өз болашағын ойлайды деген сөз.

АСТАНА

Ал Астанада ел тарихы үшін маңызды күні шаңырақ көтеріп, қол ұстасып дауыс беруге келген жас-жұбайлар көпшілікті сүйсінтті. Отау құрған жастар той алдында алдымен сайлауға арнайы келген.

Әлішер АЙТБАЕВ, Дәмелі ЕЛЕУҚҰЛОВ, ЖАС ОТБАСЫ:

- Керемет көңіл-күйдеміз. Тамаша барлығы. Еліміз үшін де, біз үшін де маңызды күн. Сондықтан өте керемет көңіл-күйдеміз.

- Бұл әр азаматтың міндеті деп ойлаймын.

- Оны әрбір қазақтың азаматы осы сайлауға келуге міндетті, оның парызы. Себебі біздің мемлекетіміздің болашағы.

ОРАЛ

Оралдық үрмелі аспаптар оркестрі қаладағы сауда орындарының бірінде сайлаушыларға арнап концерт қойды. Музыкалық туындыларды мінсіз орындаған өнерпаздарды тамашалағандардың қарасы қалың.

Ақерке ҚАБДЕЛОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгінгі демалыс мерекеге бергісіз болды. Өз басым біздің табысты, бақытты болуымыз үшін дауыс бердім! Отандастарыма отбасы бақытын тіледім! Бүгінгі концерт өте ұнады.

Концерттік бағдарлама сауда орталығына келген тұрғындардың көңілінен шықты. Өйткені өнер ұжымы классикалық туындылармен қатар әлемдік хиттерді де орындады. Тамылшыған әуенмен тербеліп қайтқан аға буын да, жастар да риза болып, алғысын жеткізді.

А. Задабек