Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада 3 адамды алапат өрттен аман алып шығып, өзі көз жұмған құтқарушы Асқар Забикулиннің атына көше беріледі

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2022
  • 2819

Астанада 3 адамды алапат өрттен аман алып шығып, өзі көз жұмған құтқарушы Асқар Забикулиннің есімі қаладағы көшелердің біріне беріледі. Мемлекет басшысы оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Өзгенің өмірі үшін «қызыл жалынға» қарсы тұру – нағыз ерлік, көзсіз батырлық.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бұл - өрт болған көпқабатты тұрғын үй. Сол жағдайдан кейінгі үйдің сиқы осы. Күйген қабырғалар құлап, ұстасаң опырылып жатыр. Ал қаһарман Асқар дәл осы екі үйдің тұрғындарын құтқарамын деп көз жұмды.

Алтынай АЛТЫНБЕК, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Таңғы 10-дардың шамасында үйден дыбыстар шыққан болатын. Өртті көргеннен кейін біразға дейін шокта болдым. Өрт болған 5-подъезд, біздіңкі 6-подъезд. Көршілердің чатына жазып, барынша көмектесейік деген ұсыныс айттым.

Көмекке келген құтқарушылар қатарында Асқар Забикулин де болды. Ол 1994 жылы 5 қаңтарда Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Казгородок ауылында дүниеге келген. Азаматтық қорғау капитаны. Өрт кезінде тұрғындарды құтқару үшін оттан қорғайтын күртешесін шешіп, терезеден кірген. 80 жастағы әжей мен немересін, 10 жастағы баланы құтқарды. Арпалысып жүріп денесінің күйгенін де байқамаған. Денесінің 80 процентін күйік шалды.

Назымхан ТҰРСЫН, АСТАНА қ. №10 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құтқару жұмыстарында бірге болдық. Өртті екі адамды шығарғаннан кейін 170-і көрші пәтерде бір баланың бар деген хабарлама түсті. Сол балаға көмектесемін деп қайта кіргенде, сол баланы шығарып, содан кейін өз аяғымен больницаға түсті.

Назарәлі СЕЛІМОВ, «АСТАНА қ. ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗМЕТІ» МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ БАСТЫҒЫ:

Батыр жігіт қой. Кешегі жасаған істі көріп жатсыздар. Қалай адамдарды өмірді қатерге тігіп, екі адамды қалай құтқарды.

Асқардың артында әйелі мен екі кішкентай балапаны қалды. Әлеуметтік желіде құтқарушының соңғы әсерлі видеосы тарады. Кадрда адамдарды өрттен аман алып қалған Асқарға әйелі тосынсый жасап жатыр. Батыр жігіт пен келіншегінің видеосы елдің жүрегін елжіретті. Қайғылы хабарды естіген мұқым жұрт әлеуметтік желі арқылы батырдың отбасына көңіл айтты.

-Адам өзі сезеді дейді ғой. Қарашы отбасын қалай құшақақтап жатыр. Құдды бір қоштасып жатқандай...

-Өз өмірін құрбан етіп, өзгелерді аман алыфп қалып батырлық жасады. Бауырымыз оны батырлық деп емес, міндетім, борышым деп іске асырғаны белгілі.

-Қызы түнде «папа» деп шошып оянды деп еді әйелі. Сәбиіне білдірткен екен Алла! Бүкіл қазақ болып қайғырып қалдық.

Өрт орын алған уақытта Марқұм Асқар Зәбикулинмен қатар Аян Кемпіров те болды. Аян да тілсіз жаудан зардап шегіп, ауруғанаға түсті. Құтқарушы қазір жағдайым жақсы дейді.

Асқар КЕМПІРОВ, ӨРТ СӨНДІРУШІ:

Менің қазіргі жағдайым жаман емес. Тәуір болып қалдым. Тек әзірге қолымды толық қимылдата алмаймын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады. Төтенше жағдай министрі мен елорда әкімі өрт сөндіруші Асқардың отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті. Марқұм отбасы мен зардап шеккен Аян Кемпіровке жалпы сомасы 6 миллион теңге болатын ипотека мен несие қарыздарын өтеуге көмек көрсетілді.

А. Задабек