Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық медицина қызметкерлері еңбекақының толық төленбегеніне наразы

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2022
  • 1759

Атыраулық медицина қызметкерлері жалақының дұрыс есептелмегеніне наразы. №2 облыстық аурухананың медбикелері мен тазалықшылары жыл өткен сайын еңбекақы көбеюдің орнына, азайып жатыр деп отыр. Айтуларынша, жыл басынан бері зейнетақы, сақтандыру төлемдері де аударылмаған. Салдарынан өзіміз дәрігер қабылдауына жазылып, емделе алмай отырмыз,- дейді ақ халаттылар.

№2 аурухананың таңертеңгі ауысымнан шыққан медбикелер, лаборанттар мен тазалықшылар үйлеріне қайтуға асықпады. Маңдай термен тапқан жалақымызды адал төлесін деп талап етті. Айтуларынша, пандемияға дейін барлық төлемдерді қосқанда орта есеппен 180 мың теңге алған. Қазір айлықтары 130 мың теңгеге де жетпейді екен. Оның үстіне жалақыдан ұсталатын зейнетақы төлемі ай сайын аударылмаған.

Бақыт ҚОШЛАНОВА, ТАЗАЛЫҚШЫ:

Біздің еңбекақымыз, жаңа жылдан бері қарайғы 20 пайыз, медсестраларға қосылатын 30 пайыз, соларымыз төленбей келеді осыған дейін. Октябрь айында еңбекақымыз біршама шулатқаннан кейін ретке келді деп ойлаймыз.

Қарлығаш САҚТАҒАНОВА, ТАЗАЛЫҚШЫ:

4 адам жүретін жерге жалғыздан қояды. Немесе больной аз. Ақша жоқ больницада. Соны кішкене қарастырайық. Сосын қосамыз дейді, бірақ қоспайды.

Лаборанттардың айтуынша, зияндылық үшін берілетін төлемақы көлемі де күлкілі. Ал медициналық сақтандыру төленбегендіктен, ақ халаттылардың өздері дәрігерге қарала алмаЙ жүр.

Құралай БИЯШЕВА, ЛАБОРАНТ:

Анализ саны артқан сайын за вредность тек қана 3-4 мың теңге төленеді. Негізінде 15 пайыз төлену керек. Облыстық аурухана болғандықтан бізге анализдер көп түседі. Сол себепті бізге небюджетный палата дифоплата , мереке сайын ешқандай премия жоқ.

Шыдамы шегіне жеткен қызметкерлер құзырлы органдарға арыз жазған. Қазір жан-жақты тексеріс жүргізуде. Аурухана басшылығы болса, жалақыны дұрыс есептедік деп шыр-пыр. Ал зейнетақы төлемін не үшін аудармағанын айтты.

Надя ЕРҒАЛИЕВА, №2 АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Өйткені бізге түсетін ақшамыз жалақыға төлесек, пенсионкаға жетпей қалады. Өйткені тарифмыз төмен ғой. Соған байланысты осындай қиындықтар туып отыр.

Денсаулық сақтау басқармасындағылардың сөзінше, бұл аурухана сот шешімімен өзге компанияға 90 млн теңге төлеуі тиіс болған. Қаржылық қиындық осыдан туындаған. Дегенмен зейнетақы және медициналық төлемге берешекті жыл соңына дейін толық жабамыз,- деп уәде берді. Ал жалақыны есептеуге ешбір кемшілік жоқ,- деді. Жауаптылардың бұл сөзіне қанағаттанбаған қызметкерлер прокуратура мен еңбек инспекциясы тексерісінің қорытындысын күтіп отыр. 

Б. Надірқызы