Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда жасөспірім өзіне-өзі қол салды

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2022
  • 1799

Атырау облысының Жылыой ауданында сегізінші сынып оқушысы асылып қалды. 14 жастағы жасөспірімнің денесін ата-анасы өз үйінің шатырынан тапқан. Мектеп оқушысы өзіне қол салған кезде үйде ешкім болмапты. Оқиға демалыс күні болған. Одан бір күн бұрын жасөспірім денсаулығына байланысты сабаққа бармапты. Оны ата-анасы сынып жетекшісіне ескерткен. Ал апта басында осы мектепте деструктивті діни ағымдар, суицид, зорлық-зомбылық тақырыбы бойынша жоғары сынып оқушыларына ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізіліпті. Мектептегі шараларға белсене араласатын оқушының мұндай қадамға неге барғанын ұстаздар да түсіне алмай отыр.

Рысгүл ҚАДЫРОВА, №18 М.САТЫБАЛДИЕВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Оқушы өте ашық мінезді, басқалармен де, сыныптастарымен де, мұғаліммен де, сынып жетекшісмен де жақсы қарым-қатынаста болды. Ешқандай да оғаш мінез-құлқын көрсеткен емес. Дәлізде де өзін тәртіпті ұстайтын болды. Сабақтан себепсіз қалмайтын болды.

Жасөспірімнің суицидке не үшін барғанын полиция анықтап жатыр. Айта кетейік, облыста жыл басынан бері 16 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған, оның үшеуі қайтыс болды.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жылыой ауданында орын алған суицид дерегіне байланысты қазіргі таңда ҚК 105-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Және де қайтыс болған 2008 жылғы жасөспірімнің бұрын мінез-құлқында ешқандай тәртіпсіздік деректері тіркелмегендігі анықталған.

Б. Нәдірқызы