Русский Сайттың толық нұсқасы

Толассыз жауған жаңбыр Алматы тұрғындарын әбігерге салды

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2022
  • 1860

Үш күн бойы толассыз жауған жаңбыр Алматы жұртын әбігерге салды. Тұрғындардың үйіне су кіріп, кәсіпкерлердің жұмысы тұралап қалды. Шаһардың біраз бөлігінде әлі күнге дейін арық жүйелері жоқ. Ал әкімдіктегілер әдеттегідей «тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр» деп ақталады. Мегаполистегі жағдайды толығырақ әріптесім баяндайды.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Жаңбыр жауса, Алматы кішігірім Венецияға айналады. Қаланы су басып, тұрғындар әбден әбігерге түседі. Көріп тұрғандарыңыздай, тасқын су шайған жолдармен адам түгілі көліктің өзі әрең өтіп жүр.

Жеке кәсіпкер Жеңісбек Тұрсынбаев жауын-шашын болса, жұмыстары тұралап қалатынын айтады. Ғимаратқа кіріп-шығу мүмкін болмайды дейді.

Жеңісбек ТҰРСЫНБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Бұл подтопление бізде жыл сайын ғой. Жаңбыр жауады, городской распределитель ме сондай тұр мына жерде. Соның ішіне су жиналады да, оның кететін жағы жоқ. Соның бәрі көтеріледі де, мына жаққа ағып жатыр бәрі. Көктем, күзде проблема вечная.

Осы маңдағы жеке тұрғын үй иелері де өз шағымдарын жеткізді. Олар көшеде арық жүйелері жоқтығын айтады.

Наталья ГЕНИЙ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жауын-шашын кезінде ауламызды әрдайым су басады. Әкімдікке хабарласып, төтеншеліктерді шақыртамыз. Үнемі балшықтан көз ашпаймыз. Кейде су үйдің ішіне де кіріп кетеді.

Билік өкілдері арық жүйелері біртіндеп салынып жатқанын айтады. Сөздерінше, қалада 102 су басатын орын анықталған. Бірақ оның 56-сында ғана су тасқынын алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мұрат ЖЕКСЕМБАЕВ, АЛМАТЫ қ. ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Мысалы, біз қазір Абылайхан көшесіндегі вокзал-2 алдында тұрмыз. Осы жерде бұрында үлкен су басу болатын. Біз бұл жақтан үлкен канал салып, каналды өзенге қосып жатырмыз. Сол арқылы бұрынғы үлкен проблеманы шешіп жатырмыз.

Сондай-ақ, қазір 12 коллектор мен канал салынып жатыр. Бұрынғы арық жүйелері жаңартыруда дейді. Бұл жұмыстар жылдың аяғына дейін бітеді деп жоспарланған.

М. Жақан