Русский Сайттың толық нұсқасы

Миллионер жігітті құрыққа түсіруді үйретемін!

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2022
  • 2367

«Миллионер жігітті құрыққа түсіруді үйретемін!» Әлеуметтік желіде осындай атаумен семинар-тренинг өткізетін коуч көп. Олар жас қыздарға тұрмысқа сәтті шығудың жолын көрсетіп, ауқатты жар табуға көмектеседі. Жол ашқыштың «тонын кигендер» неге көбейіп кетті? Неліктен жас қыздар айдаладағы біреуден «тәлім» алуға құмар? Аружан Задабектің материалы.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Осындай бай әрі сымбатты жігітті құрыққа түсіру үшін қыз-келіншектер түрлі айла табады. Желідегі жарнамаға еріп, коуч-тренерлерден тәлім алады. Олар өз сабақтарында әйел энергиясын оятамыз деп уәде береді. Айтуларынша, бір курстан кейін қыздар түбегейлі өзгеріп, жігіттерді магнитше тартатын болады. Жас қыздар бұл қызмет түрін жиі қолданады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Женская энергия барлық қызда бар ғой. Соны дамыту керек.

- Көптеген адамдардың жетістігін көріп жатырмыз. Сол тренингпен айналысқан. Қазір енді олар өздері өткізіп, сабақ беріп жатыр.

- Өзін жетілдіру үшін, ой-санасын жақсарту үшін барлығы қатысып жатыр. Дұрыс негізі.

Жастар мұндай курстарға қатысу арқылы өзімізді дамытамыз дейді. Ал орта жастан асқан тұрғындар бұл тек ақша табудың бір түрі екенін атады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Өзі таңдау керек адамын. Оның тауып берген миллионерінің не керегі бар?

- Дұрыс емес деп ойлаймын. Махаббат болу керек.

Қазір әлеуметтік желіде түрлі тренингке шақыратындар көп. Біреу бай болудың құпиясын ашам деп еліктірсе, енді бірі сұлу әрі іскер әйел болудың жолын үйретемін деп әуре. Керек десең, қыздарға мықты жігіт табуды, бақытты әйел болудың амалын да көрсетеді. Жарнамасын көрсең, қалталы азамат ақбоз атпен келіп, өзі алып кететініне қалай сеніп қалғаныңды байқамай қаласың.

Психолог Анаргүл Ибрайымбекова сұраныс болмаса, ұсыныс болмайды дейді.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Қыз-келіншектерге ондай курстардан өту қаншалықты қажет деген сұрақтар туындап жатады. Қаншалықты оның пайдасы бар деген сияқты айтып жатады. Қыз-келіншектер маған одан ешқандай пайда болмады деген ақпаратты да көп естіп жатамыз. Ең бастысы бұл адамның өзіне тікелей байланысты.

Адам сеніміне кірудің тоқсан тоғыз айласын меңгерген пысықайлар «Миллионер жігіт табудың жолдары» деген тақырыпта семинар өткізеді. От ауызды, орақ тілді тренерлерден «тәлім» алуға асыққандардың арасында өмірден өз орнын таппай жүрген жас көп.

Нұржан БИДАУЛЕТҰЛЫ, АСТАНА қ. МУЗЫКАЛЫҚ ЖАС КӨРЕРМЕНДЕР театрының актері:

Мейлінше ақша табу. Ол енді оған бір миллионер жігтті тауып беру емес мақсаты. Олардың мақсаты өздеріне ақша табу. Ол алаяқтық деп есептеймін өз басым.

Тіпті кейбірі «клиентінің» ақшасын алғаннан кейін ешқандай сабақ өтпей, ізім ғайым жоғалады. Ондай жағдайда не істеу керек?

Жанар ЕРЖАНОВА, ЗАҢГЕР:

Курс өткізудің де өз тәртібі бар. Заңға сәйкес па, жоқ па? Ешқандай лицензиясы жоқ курстардан аулақ болу керек. Қазір онлайн ақша табуды үйрететін, тіпті, жігіт табуға көмектесемін деп ақшасын алып, алдап кететіндер де бар. Сондықтан барынша сақ болған жөн. Бірден шағымданып, дәлелдерді жинау керек.

Қанша адам болса, сонша пікір, сонша ұстаным бар. Өмірді қалай сүреді, ілімді қалай жинайды, ақылды кімнен алады – әркімнің өз таңдауы. Тек өмірдің сан сырын білмей тұрып, сәттілік шақыруды үйрететін, тұрмыс құрмай тұрып, бақытты отбасы болудың құпиясымен бөліскісі келетін «ақылсымақтардың» алдына барып, алданбаса игі.

А. Задабек