Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» фракциясының мүшелері жер жайын қозғады

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2016
  • 4595

Аудан-ауылдардағы бос жатқан жерлерді ауыл шаруашылық мақсатында игерудің тиімді тұсы көп. Бұл экономиканы көтеріп, жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге сеп болады. Оңтүстік Қазақстанның Ордабасы ауданындағы «Александр бағы» серіктестігі шаруалары осындай пікірде.

Аудандық мәслихатқа «Нұр Отан» фракциясының атынан сайланған депутат Бақтияр Тағаев бағбандармен кездесіп, жер кодексіндегі өзгерістерді түсіндірді. Алма бағын жайқалтып отырған халық қалаулысы бос жатқан жерлерді отандастарымыздың игеруіне мемлекет жасап жатқан жағдайды тиімді пайдалана білуіміз қажет деген пікірде.

Бақтияр Тағаев, Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының дұрыс бағытын көре отырып, шетелдіктерге бүгінгі таңға жерге мораторий жариялағаны дұрыс  деп есептеймін. Неге? Себебі, егер жерді біз шетелдіктерге берген жағдайда, олардың ол жерді әрі қарай жақсы игеріп кетуіне ешкім кепілдік  бере алмайды, сондықтан өзіміздің, егер Қазақстан Республикасының азаматы осы жерді игеретін болса, ол, әрине, сапалы, жақсы игереді, деген ойым бар. 

«Александр бағының аумағы 20 гектар. Бос жатқан жерге  40 мың түп көшет отырғызылған. Бойын тіктеп қалған ағаштардың алды жеміс беруге жақын. Мұнда алманың алты түрлі сортынан бөлек өрік, шабдалы  жемістері де өсірілуде. Қырыққа тарта жергілікті азамат еңбек етіп жүр. Іскер азаматтар бақты тамшылатып суару әдісімен жайқалтып отыр. Жемістерді сақтап қана қоймай, келешекте тереңдетіп өңдеп, түрлі тосаптар әзірлеу жоспарда бар дейді. Баудың көлемін алдағы жылдары 200 гектарға дейін ұлғайту көзделген.

Мырзахмет Жолдыбаев, «Александр бағы» ЖШС агрономы:

Бос жатқан жерлерді иегеру үшін мемлекет жақтан қолдау болса, осы бос жатқан жерлерді игерсек, осындай жаратып істесе болады. Өзіміздің отандастарды жұмыспен қамтамасыз етуге, сосын мынау елімізге, жұртқа, жұрттың дастарханына таза, сапалы алма жеткізуімізге, осыған жұмыс жасап жатырмыз.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Қарағанды облысының Жаңарқа ауданындағы шаруалармен жүздесті. Кездесу барысында жер реформасы жайы сөз болды. Халық қалаулысы Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сату туралы алып-қашпа әңгімеге байланысты ойын жеткізді. Яғни жаңа жер кодексінде шетелдіктерге жер сату мәселесінің қарастырылмайтынын және бұл мүлде талқыланбайтын мәселе екенін шаруаларға түсіндірді. Депутаттың айтуынша, реформаның басты мақсаты - ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді неғұрлым тиімді пайдалануға жағдай жасау.

Депутат сондай-ақ «Ескене» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Жерді ауыл шаруашылығы мақсатында тиімді пайдаланған қожалық мемлекеттік қолдаудың арқасында асыл тұқымды мал басын 800-ге жеткізген. 50 шақты адамға жұмыс беріп отыр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ