Русский Сайттың толық нұсқасы

«Алматы-Кеген-Түп» тас жолында болған жол апатынан 4 адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2022
  • 2784

Алматы облысында жол апатынан 4 адам қаза тапты. Тағы 4 азамат ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің қазіргі жағдайы қалай? Оқиға Куәгерлері не дейді? Әріптесім Мөлдір Жақанның бейнематериалы.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Жантүршігерлік оқиға дәл осы Алматы – Кеген – Түп автожолында болған. «Тойота» маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, «Митсубиси» көлігімен соқтығысқан. Жол апатының болуына ауа райының қолайсыздығы әсер еткен болуы керек. Қатты соққының нәтижесінде 4 адам оқиға орнында көз жұмды.

 «Митсубиси» көлігіндегі 4 азамат түрлі жарақатпен Шелек ауруханасына жеткізілді. Оның екеуі қазір жан сақтау бөлімінде. Жағдайлары тұрақты. Тағы 1 науқас хирургия бөліміне жатқызылса, енді біреуі амбулаториялық емге жіберілді. Тиісті емшара жүргізу үшін облыстық ауруханадан травмотолог дәрігерлер шақыртылған.

Серікбек НҰРЛАНБЕК, №1 ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жансақтау бөлімінде жатқан науқас -71 жастағы әйел кісі. Диагнозы – аралас жарақат, ауыр бас ми жарақаты, оң жақ сан сүйегінің сынығы, травматикалық шок. Жан сақтау бөліміндегі екінші науқас - 43 жастағы әйел кісі. Ол толыққанды интенсивті емін алып жатыр.

Полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындады. Олар көлік жүргізушілерін жолда аса мұқият болуға шақырады.

Арман БАЙШЫҒАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Сіздерден жылдамдықты асырмауларыңызды, ара қашықтық сақтауларыңызды сұраймыз.

Тас жолдың іргесінде орналасқан ауыл тұрғындары бұл маңда жол апаттары жиі болатынын айтады. «Көліктер жүйткіп өтеді, балаларымызды далаға шығаруға қорқамыз»,- дейді.

Қайырбек ОРАЛБАЙ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне, машина кетіп бара жатыр. Жылдамдығын қараңыз. Бір камера қойып бер деп неше рет сұрадық мына ауыл-аймақтың арасында. Осы жерде мал қағады, адамдар да қайтыс болған жағдай болған. Қорқамыз.

Бүгінде жол апатына қатысты ҚК-тің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ал дәрігерлер зардап шеккен науқастардың қашан жазылып шығатынан әзір айта алмайды.

М. Жақан