Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық келіншек таныстарына 80 миллион теңге несие алдырып, алдап кеткен

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2022
  • 1479

Астаналық әйел таныстарына 80 миллион теңге несие алдыртып, алдап кеткен. Ұйымдасқан топ құйтырқы әрекетті іске асыру үшін алдымен адаммен жақын танысып, оның әбден сеніміне кірген. Психологиясын толық меңгергеннен кейін аяушылық сезімін оятып, бір емес, бірнеше жерден несие рәсімдеуге көндірген. Ақшаны бір айда орынына қоямын деп, ізім ғайып жоғалған. Бұл - алаяқтықтың жаңа түрі. Толығырақ Аружан Задабектің материалында.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Алаяқтықтың мұндай жолымен пайда табатындар алдымен өзін бай адам секілді көрсетеді. Жақсы киінеді, мықты көлік мінеді. Ақша сұрасаң «жоқ» деп айтпайды. Үнемі көмектеседі. Осылайша адамның сеніміне әбден кіргеннен кейін несие алдырып, алдап кетеді.

Айгүл Нартаева 3 жыл бұрын Шымкенттен Астанаға жұмыс істеу үшін көшіп келген. Тігін цехына қызметке келгеніне көп болмаса да бастығына өз атынан 9 миллион теңге несие алып беріпті. 2 айдың ішінде толық қаржыны өтеп беремін деген алаяқ, ақшаны алғаннан кейін жұмыстан шығып, жоғалып кетті. Алданған әйел «ол өзін бай-қуатты адам ретінде көрсетті, сол үшін оның ақшаны қайтаратынына толық сендім» - дейді.

Айгүл НАРТАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әр банкпен звондап келісіп қояды. Мысалыға мен барамын да, ешқандай очередь алмай. Сол жерден сразу сұраған ақшаны шығарып береді. 1,5-2 миллион. Маған алдында 3-4 миллион деген, артынан 9 миллион деді. Бір күнде 5 банктен кредит алдым.

Алданған Айгүл ғана емес. Бастықсымақ қол астындағы тағы 8 қызға кредит алғызған. Қазір олар да беттің арын белге байлаған басшыны таба алмай әлек. Заңгерлер алаяқтықтың бұл түрі қазір белең алып барады деп дабыл қағады. Өйткені, сеніп жүрген серігім деген адам алдайды деп ешкім ойламайды - дейді.

Ерқанат БЕЙСЕНОВ, АДВОКАТ:

Адамдар несие тарихының нашар екенін айтып, біреуге банктен қарыз алып беруді өтініп, төлеуге келген кезде не жоғалып кетеді, не ақшасы жоқ екенін айтады. Көп жағдайда борышкерден ештеңе ала алмай жатады. Себебі, ол не ресми түрде жұмыссыз, не мүлкі жоқ болып шығады. Олар бұл іске әбден дайындалып барады. Сөйтіп, сот шешімдерін орындау үшін борышкерлердің базасында жай ғана ілулі тұрады. Ал мұндай адамдар елімізде өте көп.

Бір бөлімнің қызметкерлерін тақырға отырғызған әйелді біз де іздедік. Хабарластық. Жауап бермеді. Іздеуде жүрген мұндай алаяқ көп екен. Бірі ұсталса, енді бірі әлі құрық түсірмей келеді дейді құзырлылар.

АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Алаяқтық фактісі бойынша ұсталған азамат ҚР ҚК 190-бабы бойынша тергеледі. Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға алаяқтардың құрбаны болмау үшін бейтаныс адамдарға сенбеу керектігін ескертеді. Құнды заттарды немесе ақшаны беру кезінде қырағылық таныту керек.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қарызыңызды қашан төлейсіз? «Тағы да кредитті төле деп хабарласты. Банк қызметкерлері қойған бұл сұраққа не деп жауап берерімді де білмеймін». Алаяққа алданып, әр шырылдаған қоңырауға қорқып қарайтын адам көп қазір. Бірінің мәселесі шешілсе, енді бірі әлі күнге дейін әділдік таба алмай келеді.

А. Задабек