Алматы облысы, Іле ауданында 5 оқушыны көлік қағып кетті. Апат салдарынан зардап шеккен 4 бала ауруханаға жатқызылды. 1 оқушыға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді. Lexus автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі Алматы - Шелек - Қорғас автожолымен келе жатып, ақылы өткелде 9-12 жас аралығындағы жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Зардап шеккендер Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасында ем алып жатыр. Дәрігерлер екі баланың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Олар жан сақтау бөлімінде. Тағы екі бала травмотология бөлімінде, жағдайлары орташа ауырлықта. Бір науқасқа шұғыл ота жасалды.
Асқар ҚАЛИЕВ, АЛМАТЫ АЙМАҚТЫҚ БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ЕМДЕУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
12 жастағы қыз баланың диагнозы – ауыр жабық бас ми жарақаты, бас миының соғылуы, аяқ-қолдарының көптеген сынығымен түсті. Екінші бала – ұл бала, 10 жаста. Үшінші бала – 9 жастағы ұл бала. Жалпы бас ми жарақаты, бас миының соғылуы диагнозымен жатты. Балаларда травматикалық шок болды. Қосымша ота жасалынуы мүмкін.
Айта кету керек, жаяу жүргіншілер белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен. Полиция оқиғаға қатысты қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп, сараптамалар тағайындады.
Ернар САЙДІЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345 бабының 2 бөлігіндегі қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша Іле ауданының полиция басқармасында тіркелді. Кінәлі уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
М. Жақан