Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда Қазақстан темір жолының жеке кассасы ашылды

  • AstanaTV
  • 03 тамыз 2016
  • 4194

Петропавл тұрғындары бір қала арқылы екінші бір шаһарға сатылап мінетін пойыз билеттерін едәуір арзанға сатып алатын болды. Қызылжарда Қазақстан темір жолының жеке кассасы ашылды. Осыған дейін жергілікті тұрғындар билеттерді Ресей темір жолы компаниясы арқылы алатын еді. Себебі 2011 жылдан бері Петропавл темір жол станциясы ресми түрде «Ресей темір жолы» компаниясының қарамағына кірген. Ал ел аумағында сапар шегетін жолаушылар билетті халықаралық тарифке сәйкес 5 есе қымбатқа алып келді. Мәселен, Қазақстан темір жолы өкілдерінің берген ақпаратына сүйенсек, Ресей темір жолы кассасы арқылы № 10 пойыздың плацкарт вагонына  Астанадан Алматыға дейінгі билет құны  29 400 теңге тұрады. Ал ҚТЖ кассасы арқылы, яғни ішкі  тарифпен, бұл билеттің құны енді 5458 теңгені құрайды. Ал тіке бағыттар, мәселен, Петропавлдан Алматыға дейін сапарлайтын жолаушыларға екі тасымалдаушының да сататын билет құны бірдей.

Айта кетейік, Қызылжар қаласы елдің солтүстік қақпасы болғандықтан, қазақ еліне жол жүрген ресейліктердің басым бөлігі осы шаһар арқылы өтеді. Тек соңғы алты айдың ішінде Петропавл темір жол вокзалы 378 мың жолаушыға қызмет көрсеткен. 

Айгүл Әбутәліпова, «Жолаушылар тасымалы» АҚ сату бойынша басқармасының атқарушы директоры:

Біз Ресей темір жолының басшылығынан жеке касса ашу үшін орын сұрадық. Алайда бір ымыраға келе алмадық. Сондықтан кассаны вокзалдың қасынан ашуға тура келді. Енді Петропавлдан Қазақстанның бір қаласынан екіншісіне жол жүргісі келетін кісілер бізден билетті өзінің құны бойынша сатып ала алады. 

Абзал ҚҰРМАНКИН