Русский Сайттың толық нұсқасы

Аудан орталығындағы орта мектеп азынап тұр

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2022
  • 2027

Салқын мектеп. Суық балабақша. Қостанай облысы Федоров ауданының орталығындағы оқу ордасы азынап тұр. 130 оқушы қашықтан білім алуға мәжбүр. Мектеп қабырғасындағы балабақша да қаңырап бос тұр. Бүлдіршіндердің көбісіне суық тиіп, ауырып қалды дейді ата-аналар.

Ата-аналар суық тиіп ауырған балаларының жағдайын айтып, жанайқайларын жеткізді. Қалған білім ошақтарында мұндай мәселе жоқ деп қынжылады.

Қымбат БЕКТЕМІРОВА , АТА-АНА:

Коридорда 10 градус. Менің балам бас киіммен жүрді. Ал оны үйде қалдыратын адам жоқ менде.

Мира АЛМАСБЕКҚЫЗЫ, АТА-АНА:

Екі күн мектепке келеді балам. 10 күн ауырады. Үш күн мектепке келеді 20 күн ауырады.

Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп он жыл бұрын бой көтерген. Содан бері білім ордасы жөнді жылынбайды. Бұл жолы тіпті суытып кеткен көрінеді.

Нұргүл ҚОҢҚАС, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Көмір нашар болған кезде шын мектепте салқын болды. Ал жақсы көмір келгенде мектеп жылынады. Газдың қосылғанына мінекей 3 күн. Енді мынау суықтар бар.Температура бірқалыпқа келеді. Сонда қалыпты жағдайға көшеміз.

Мектеп қазандығы жуырда ғана жаңғыртылып, жылыту жүйесі көгілдір отынға ауыстырылды. "Мердігер жұмысты мерзімінде бітірмей осындай жағдайға тап болдық. Барлығын қалыпқа келтіреміз" деп уәде берді аудан басшылығы.

Рамиль ВАЛЕЕВ, ФЕДОРОВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мойындаймыз. Мәселе бар. Оны шешу керек. Оны шешеміз. Қалай болса да қолымыздан келгенше бүкіл бар шараларын істейміз. Қолданамыз.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Балабақшада барлығы 40 бала тәрбиеленеді. Қазір соның төртеуі ғана келіп жүр. Ғимарат суық болғандықтан ата-аналар сәбилерін жібермей отыр. Сондықтан бөлмелер қаңырап бос тұр.

Білім мекемесі көптен күткен көгілдір отынға қосылды. Аудан әкімдігі енді жылынады деп сендірді.

З. Санай