Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық дәрігерлер үш айлық сәбидің қолын кесіп тастады

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2022
  • 3021

Орал қаласының тұрғыны Бақтыбай Әжіғалиевтің 26 жыл күткен сәбиі қолынан айрылды. Ол бұған дәрігерлерді кінәлайды. Айтуынша, үш айлық баланың мүгедек боп қалуына аурухана қызметкерлерінің салғырттығы себеп.

Бақтыбайға осы сұрақ қазір маза берер емес. Өйткені 26 жыл күткен қуанышы ұзаққа бармады. Мерзімінен бұрын шала туған шарана облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бөбегі біртіндеп салмақ жинағанына қуанған анасы екі аптадан кейін ұлының қолы салқын тартып, түсі қарайып кеткенін байқайды. Әрі дәрігерлер оның қолын жасырып, жөргекпен бүркеп қойыпты.

Бақтыбай ӘЖІҒАЛИЕВ, БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:

Қолы жайлап-жайлап қан барса да, саусақтары қозғалады ғой. Соны істемей, екі күн отырды қозғалмай, УЗИ-ді күтіп. Сосудистый врачты шақыртты, ито оның өзін жолдасым шақыртқан сияқты. Дәрігерлер кінәлі. Врач, медсестра бәрі бірге реанимациядағы.

Сәби Рамазанның жағдайы күн санап нашарлаған соң, жергілікті және астаналық дәрігерлер консилиум шақырып, баланы Астанаға жібереді. Кейін Ұлттық Ана мен бала орталығында операция жасаған елордалық мамандар сәбидің қолын шынтақтан төмен кесіп тастаған. Денсаулық сақтау министрі бұл жағдайға қатысты тексеру жүргізілетінін жеткізді.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Егер науқастан әлде туыстарынан арыз-шағым түссе, арнайы комиссия құрылады. Қазір біз осындай комиссияларға тәуелсіз сарапшыларды көптеп тартып, әрбір жағдай бойынша экспертиза тағайындаймыз.

Сәбидің ата-анасы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағымданған. Мұндағы мамандар диагноздың уақытылы анықталмағанын айтып отыр. Енді сарапшылардың бұл ұйғарымын прокуратура қарайды.

Е. Карин