Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы – Қорғас тас жолында көлік қағып кеткен 5 оқушының біреуі көз жұмды

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2022
  • 2591

Алматы облысы, Іле ауданында көлік қағып кеткен 5 оқушының біреуі ауруханада көз жұмды. Балалар сол күні мектептен арнайы автобуспен қайтып келе жатқаны белгілі болды. Қасында арнайы мұғалім де болған. Бірақ, оқушылар автобустан неге түсіп қалды? Мөлдір Жақан ауылға барып, қапыда баласынан айырылып қалған ата-анамен тілдесті.

Мөлдір ЖАҚАН ТІЛШІ:

Алматы – Қорғас тас жолының дәл осы ақылы өту кеденінде жүйткіп келе жатқан автокөлік бес оқушыны қағып кеткен еді. Солардың бірі – 10 жасар бала көз жұмды. Жалпы, бұл жердегі жылдамдық сағатына 40 шақырымға дейін шектелген. Алайда бұл ережені сақтайтындар кемде-кем.

22 оқушы мінген автобусты мектептен қайтып бара жатқанда «ҚазАвтоЖол» мамандары ақылы жолдан өткізбеген. Өйткені автобустың 2 жылда жиналып қалған 60 мың теңге айыппұлы болған көрінеді. Жүргізуші айыппұлды төлеу мәселесімен жүрген кезде, бір ата-ана оны күтуге шыдамай, баласын жетектеп сыртқа шыққан. Оған тағы бірнеше оқушы ілесіпті. Ақылы бекеттен ұзап үлгермей, бес оқушыны көлік қағып кетті. Оның екеуі- ағайынды, бір үйдің балалары. 12 жастағы Жібек қазір ауруханада. Ал 10 жасар Сабыржанды дәрігерлер аман алып қала алмады.

Сарвиназ ЕРНАЗАРОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

«ҚазАвтоЖол» балаларымды іркіп қалды. 60.000 теңге айыппұл үшін. Екі жылдан бері олар төлемей қайда қарап жүрді?! Водительдің айтуы бойынша, балаларды апарып келейін, сосын келіп төлеймін деген. Келгеннен кейін сөйлесеміз десе де, шлагбаумды ашпай қойған. Мүмкін сол кезде жібере салғанда балалар аман - есен келер ме еді үйлеріне. Өте ауыр жағдай болып тұр маған. Сап-сау баламды қолдан өлтіріп берді.

Автобус ішінде жауапты мұғалім болса да, ол балалардың сыртқа шығып кетуіне қарсылық білдірмеген. Зардап шеккен балалардың ата-аналары «барлық кінәлілер жазалансын» дейді.

Ақмарал БҰЛАҚБАЕВА, АТА-АНА:

Қазір травмотология бөлімінде жатырмыз. Өте қиын жағдайда. Осы жағдайға кінәлілердің бәрі жазасын алғанын қалаймыз. 15-20 бала автобустан түсіп кеткенін бір тірі жан көрмген. Қалай сонда? Камера жоқ па? Неге қараусыз қалды бұл?

Алайда мектеп автобусы жүргізушісінің айыппұлы барын аудандық білім бөлімі білмеген. Ал балаларға жауапты мұғалімге тек сөгіс берілген.

Қаламқас СӘРСЕНБАЕВА, ІЛЕ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Автобус күнделікті жүріп жүрген маршрутынан тыс Байсерке ауылы арқылы көпір арқылы жүрген. Оған дейін ешқандай есеп қағаз білім бөліміне түскен емес. Сол кезде мектеппен хабарласып жатып, штраф мәселесін анықтап жатқанда, осындай жағдай орын алды.

«ҚазАвтоЖол» мамандары да ақталып әлек. Олар тұрғындардың жаяу жүргінші жолағын жасап берсін деген талабын орындай алмайтындарын жеткізді. Себебі, аталған магистральда жүргіншілерге арналған жол қарастырылмаған.

Айбол АХМЕТОВ, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰҚ" АҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Автобустың водителі оқушыларға ескертіп кеткен. Бірақ оған қарамастан ата-аналары келіп, оқушыларды сыртқа шығарған. Оның барлығы видеода бар. Жол қауіпсіздігін сақтау керек еді. Автобустарға ескертпе қағаздары жіберілген болатын.

Оқушыларды қағып кеткен жүргізуші қазір тергеу абақтысында отыр. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қайғыдан қан жұтқан ата-аналар әділдікті талап етуде.