Елімізде туа біткен қан тамырлары патологиясы бар науқастардың саны артқан. Дәрігерлер лимфолог сияқты тар профильді мамандардың болмауына байланысты медициналық көмек алмайды деп дабыл қағуда. Емханаларда оған тиісті жабдықтар мен препараттар да жоқ. Сондықтан ата-аналар шетел асуға мәжбүр.
Гемангио - қан тамырларының қатерсіз ауытқуы. Қарапайым сөзбен айтқанда, ол да ісіктің бір түрі. Осындай дертке шалдыққан бүлдіршіннің бірі - Жәнібек. Небәрі 3 жаста. Анасының айтуынша, елімізде мұны емдеу үшін, арнайы құрылғы да, оны емдейтін маман да жоқ болған соң, шетелге апарған.
Маржан ӘБДІЖАППАРОВА, АТА-АНА:
Бізде бұл бала туылған кезде, врожденный болып туылған. Консультацияға барып, лечение бізде тек за рубежом деді. Москваға келіңіздер деді. Москваға бардық, улучшение болды. Бірақ біздің диагноз бойынша ангиокеротоз.
Жеке клиникадағы балалар хирургы Роза Қарабекова мемлекеттік емханаларда бұндай дертті алдын ала алмайтынына наразы. Жекелердің өздерінде емдейтін препараттары бар болса да, маман жоқ. Балалардың жіті бақылауда болмауы, дертті одан әрі дендететінін айтады.
Роза ҚАРАБЕКОВА, БАЛАЛАР ХИРУРГЫ:
Бүгінгі таңда мәселе көп. Ауруды емдейтін маман тапшы. Оған қала берсең, біздің кейбір дәрігерлер пациенттерге жеке түрде қарамайды. Оларға күтіңіз, күтіңіз емделіп кетеді дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Тағы бір мәселе елімізде заманауи препараттар жоқ.
Мәселені шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры балаларға медициналық көмек көрсету үшін 20 480 000 теңге бөлген. Қордың да өзіндік талаптары бар, тек әлеуметтік осал топтағылар ала алады. Бүгінгі таңда қордың атынан 103 адам тіркелген. Оның ішінде 74 бала дәрі-дәрмек терапиясы мен лазерлік ем алуда. Емдеу уақыты 6 айға дейін созылады. Дәрігерлер бірнеше процедурадан кейін жағдайлары оңалады деп сенеді.
Ә. Дүкембаева