Русский Сайттың толық нұсқасы

Екібастұзда жылу электр орталығының учаске басшысы қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 06 желтоқсан 2022
  • 1278

Екібастұзда жылу электр орталығының учаске бастығы қайтыс болды. 33 жастағы ер адамның мәйіті гараждан табылған, оның денесінде зорлық іздері болмаған дейді, - полиция. Тек алдын ала болжам бойынша, әйелімен болған жанжалдан соң гаражға кетіп, сонда көлігін оталдырған. Кейін ол ұйықтап, газдан уланып қалған болуы мүмкін. Полиция қазір сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Тергеу жүріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, мән-жай марқұмның гаражында әйелімен жанжалдасып қалғаннан кейін болған. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.

Ал Екібастұзда жағдай әлі толық қалыпқа келген жоқ. Жылуға қосылмаған 4 көпқабатты үй қалды. Олардың жертөлесіне дейін ыстық су келіп тұр. Енді оны пәтерлерге жеткізу жұмысы жүріп жатыр. Бүгін сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз жылу электр орталығының мемлекет меншігіне өте ме деген сауалға жауап берді. Оның айтуынша, орталықты мемлекет меншігіне қайтару мәселесі әлі қаралып жатыр.

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Мұндай шешімдерді қабылдамас бұрын, алдымен бар жағдайын зерттеу керек. Егер ол мемлекетке көтере алмас ауыртпалық болатын болса, онда біз шын мәнінде, нысанды өзімізге алу арқылы оның иесіне сыйлық жасаған болар едік. Және ол нысанға көп қаржы құюға тура келеді. Сондықтан алдымен жағдайды бірігіп түзеу мәселесін қарастыру керек.

Б. Сатуов