Қарағанды облысында 1 млн 300 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл - кезінде заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай бос жатқан жерлер. Ал оны заңсыз бөлген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылмаған. Бұл туралы «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалында партиялық бақылау және «Жер аманаты» комиссияларының бірлескен отырысында талқыланды. Облыста жайылымдық жерлерді қайтару жұмыстары әлі жалғасуда. Комиссияға халықтан түскен шағым көп. Ауылдықтар мал бағып, егін еккісі келеді. Ал өңірлерде пайдаға аспай жатқан бос жер жеткілікті. Бұл мәселені шешу үшін әр ауданнан жерлерді қайтарудың жол картасы әзірленеді. Онда нақты қанша гектар жерді игеруге болатыны көрсетілмек. Пилоттық жоба Бұқар жырау ауданында басталды.
Қадиша ОСПАНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біз бүгін осы жерлерді пайдалануға не кедергі деген мәселені қарастырып жатырмыз. Мүмкін шаруаларға жерлерді игеруге көмектесіп, көп жылдық шөп өсіруге субсидия беру керек шығар. Олар шөпті қанша ақшаға сатып алады. Ол үшін нормативтік- құқықтық базаға өзгеріс енгізу қажет болса оны да ұсынамыз. Комиссия мүшелері жерді заңыз бөлген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін және болашақта осындай фактілерге жол бермеуді де қарастырады.
Алматы облысында да «Жер аманаты" комиссиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 112,6 мың гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Өңірде ауыл тұрғындарының мал жаю үшін 573 мың гектар жайылым жер бекітілген. Комиссия отырысында ауылдардың 5 км радиусындағы жерлерді жеке тұлғаларға сатпау жайлы мәселе көтерілді. Партиялықтар жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарын қатаң бақылап отыр.
Бағдәулет ҮСТЕНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Көп жерде ауыл маңайындағы жерлерді, жайылым жерлердің бәрін қалталы азаматтар сатып алып, содан кейін оны пайдаланбай, менің жерім деп кіргізбейді. Халықтың арыз-шағымдары түскеннен кейін, сол жерлерге барып, нақты шаралар қолданып, заңның аясында қайтарып жатыр. Жер беру – оңай, бірақ жерді қайтару өте қиын. Біз азаматтардың құқығын бұзбауымыз керек.
А. Қуаш